Биыл Нұр-Сұлтанда 27 адамға иіс тиген

Жыл басынан бері қала аумағында 501 өрт тіркелген

Биыл Нұр-Сұлтанда 27 адамға иіс тиген
Фото: ашық дереккөзден

Жыл басынан бері елордада 27 иіс тию фактісі тіркелген, оның 19-ы – бала. Жылыту маусымы жақындағандықтан, қаланың Төтенше жағдайлар департаменті астаналықтарға қауіпсіздік шараларына мұқият болу керегін ескертуді бастады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Аталған департамент өкілдері «Asia Park» сауда, ойын-сауық орталығында «Қазіргі заманның қаһармандары күнін» өткізді. Онда өрт сөндіру техникалары мен арнайы құралдар, кинологиялық және құтқару жабдықтары көрмеге қойылып, халыққа өрттің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жасалатын амалдар түсіндірілді.

Елордалық ТЖД 14 тамыздан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» іс-шарасын өткізіп келеді.

«Бүгінде Нұр-Сұлтанда 6 мың шақты саяжай бар. Саяжайлар жылдың белгілі бір мезгілінде уақытша тұруға арналғандықтан, көбіне-көп қысқы суыққа бейімделмеген, жүргізілген электр желілерінің оқшаулағыш қабатты бұзылған, өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Сондықтан қыс айларында өрт шығу қаупі жоғары», – дейді басқарма бастығы.

Айлықтың 3-кезеңінде жеке тұрғын үйлердің тұрғындарына түсіндіру жүргізіледі. Қазіргі таңда астанада 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар.

Департамент өкілінің мәліметінше, жыл басынан бері қала аумағында 501 өрт тіркелген. Бұл былтырға қарағанда 38%-ға көп. Өрт кесірінен 139 млн 332 мың теңге материалдық шығын келген. Өрт фактілері кезінде 54 адам құтқарылып, 310 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген, 12 адам жарақат алған.

Биыл болған өрттердің 46%-ы тұрғын үй секторына тиесілі. Тұрғын үй секторындағы өрттердің негізгі себептері ішінде пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (72 жағдай немесе 32%), электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу ( 67 жағдай немесе 30%), халықтың отпен абайсыз болуы (59 жағдай немесе 26%) бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда елордада 12 өрт сөндіру бөлімі бар, онда 1700-ден астам өрт сөндіруші жұмыс істейді. Олардың төтенше оқиға орнына жету ұзақтығы орташа есеппен 10 минутқа дейінгі уақытты құрайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.