Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе рейстерінің саны артады
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады
Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты әуе рейстерінің саны артады, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«31 тамызда Қазақстан Республикасы аумағында коронавирусты инфекцияның туындауын және таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Қазақстан мен Ресей арасындағы рейстерді арттыру мәселесі сөз болды. Сонымен, 2021 жылдың 22 қыркүйегінде QazaqAir әуекомпаниясы Ақтөбе-Казань бағытында аптасына бір рет әуе рейсін ашуды жоспарлап отыр», - делінген хабарламада.
Ресей бағытындағы рейстерді ары қарай көбейту эпидемиологиялық жағдайға, ВАК шешіміне және РФ тиісті мемлекеттік органдарының шешіміне байланысты болады.
«Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы және авиакомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес жүзеге асырылады», - деп мәлімдеді ведомстводан.