Түзету мекемесінің қызметкерлері істі сотқа жіберді
Шығыс Қазақстан облысында түрме аумағына 3 ұялы телефон лақтырған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Оқиға ОВ 156/3 түзету мекемесінде болған. Ер адам тыйым салынған заттарды қоршаудан лақтырып, артынша қаша жөнелген. Колония қызметкерлері 41 жастағы азаматты қуып жетіп, ұстап алды. Одан скотчпен оралған заттар тәркіленді.
«Ер адам үш смартфонды түрме аумағына кіргізбек болды. Күдікті колонияның жедел бөліміне жеткізілді. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға тыйым салынған заттар мен бұйымдар беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды» делінген ақпаратта.
Сондай-ақ оның телефондарды кімге бермекші болғаны анықталды. Енді түрмеде жазасын өтеп жатқан 31 жастағы сотталған адам да жауапкершілікке тартылады.