Семейде 17 ағашты заңсыз кескен ер адам ұсталды
Кәсіпкер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен рұқсат алмай, сол жерге автотұрақ салмақшы болған
Семей қаласында автотұрақ салмақ болған кәсіпкер 17 ағашты заңсыз кескен, деп хабарлайды ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі.
1 қыркүйекте жанармай құю бекетінің жанында 51 жастағы ер адам 17 теректі заңсыз кескен. Кәсіпкер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен рұқсат алмай, сол жерге автотұрақ салмақ болған.
«Аталған азамат 2021 жылдың 18 маусымында ТҮКШ бөліміне Бозтаев көшесіндегі ғимарат маңындағы 17 ағашты кесуге рұқсат беру туралы өтініш жазған. Алайда 23 маусымдағы жауапта «E.license« порталында көрсетілген қажетті құжаттар тізімі толықтай ұсынылмағандықтан оған рұқсат берілмеді» делінген ақпаратта.
Қазір ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 340-бабы бойынша із қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.