Әскери қоймада болған жарылыстан 13 адам қаза тапқан болатын
Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Қаза тапқандардың бірі – Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановты Жамбыл жұрты соңғы сапарға шығарып салды. Өрт сөндіруші әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде болған, жойқын жарылыстан қаза тапқан болатын. Оның артында ата-анасы, аңырап 5 баласы, тізесін құшақтап аяулы жары, ботадай боздап, бауырлары қалды.
Мейіржан – Аймановтар әулетінің үлкені болатын. Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйейтін. Ол да ағайын мен туысқа, дос пен бауырға әрдайым құшағын ашып, көмегін аямайтын. «Орындалмаған арманы көп еді. Тым ерте кетті. Жанымды айтқызбай ұғатын құлыным еді» дейді етегі жасқа толған анасы.
«Жетіге қарай оған хабарласфп, «Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың?» деп едім, «Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын» деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой», - дейді көз жасын сүрткен ана Айткүл Айманова.
Мейіржан жақында ғана 45 жасқа толған еді. Өмір бойы өрт сөндіру саласында еңбек етіп, полковник шеніне дейін өсті. «Адалдық пен әділдікті жаны қалайтын. Әлсізге қамқор, жалғандыққа жаны қас болатын. Кішкентайынан спортты серік етті» дейді тай-құлындай тебісіп, бірге өскен сыныптас достары.
«Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді бала-шағасын өсіріп, қызығын көремін дегенде қыршын кетіп отыр», - дейді М. Аймановтың сыныптасы Елмира Ізмағамбетова.
Мейіржан Аймановтың артында аңырап ата-анасы, шырылдап 5 баласы, сыңарынан айырылған аққудай жалғанға лағынет айтып жан-жары, ботадай боздап бауырлары қалды. Тілсіз жау бір шаңырақты шайқалтып, қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті.
Жалпы, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан он үш азамат көз жұмды. Он үш өмір үзіліп, он үш тағдыр қиылды. Олар «елдің шетінде, желдің өтінде» жүріп, қандай қиындықты болса да қасқайып қарсы алатын нағыз ерлер еді. Жас ұрпақ ерлігі үлгі болған батырларды ешқашан ұмытпайды.