Тараз тұрғындары өрт сөндіру бөліміне гүл шоғын апарып жатыр
Жамбыл облысында оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан 13 адам қаза тапты
Бүгін, Жалпыұлттық аза тұту күнінде тараздық тұрғындар Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери қоймасындағы жарылыстан қаза болғандарды еске алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жұрт Аза тұту күні қаза тапқандар қызмет еткен екінші шағынаудандағы өрт сөндіру бөлімінің алдына гүл шоқтарын қойып жатыр», - делінген ВТВС Telegram-каналында.
Сондай-ақ әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан құтқарушылардың суреті жарияланған.
Айта кетсек, қаза тапқандар арасында аталмыш өрт сөндіру бөлімінің бес қызметкері болған. Олар:
Темірболатов Арнұр Серікұлы – Жамбыл облысы ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы;
Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы – Жамбыл облысы ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы;
Микропуло Александр Николаевич – Жамбыл облысы ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары).
Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы – Жамбыл облысы ТЖ департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы;
Айманов Мейіржан Қақпасынұлы – Жамбыл облысы ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары.
Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімдегі инженерлік оқ-дәрі сақталған қоймада сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласқан болатын.
Жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 13-ке жетті. Олардың арасында әскери қызметшілер, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, әскери прокурор бар. Өлі табылған тағы үш адамның аты-жөні анықталып жатыр.
Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктері әлі бірнеше адаммен байланыс орната алмай отыр.