Айжан Тәшенова: «Мамай мен Иманбай сот шешімін орындап жатыр»
Б.Байбектің заңгерінің айтуынша, өндірілген қаражат түгелдей аутизмі бар балаларды қолдауға жұмсалады
Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова белсенді Жанболат Мамай мен әйелі Инга Иманбайға қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалғанын және мәжбүрлеп орындату бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты.
«26 тамызда біздің ұсынысымыз бойынша жеке сот орындаушысы жауапкерлердің шоттары мен мүлкіне ауыртпалық салды, оларға белгілі бір (нотариалдық) іс-әрекеттер жасауға тыйым салынды. Жауапкер қаражат жинау үшін ұсынған Мамайдың Kaspi-дегі жеке шотына да шектеу қойылды», - деді Айжан Тәшенова.
Айтуынша, Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның шоттарынан сот шығындарын өтеу есебіне 170 895 теңге тұтастай мәжбүрлеп алынған. Жауапкерлердің шоттарына келіп түсетін барлық ақша Б.Байбектің талап-арызы бойынша берешекті өтеуге ғана жұмсалмақ. Жауапкерлер ақшамен басқа ешқандай әрекет жасай алмайтын болады.
Б.Байбектің өтініші бойынша сот орындаушысы Ж.Мамай мен И.Иманбаевадан алынған барлық ақшаны аутизмі бар балаларды қолдау үшін бірден «Болашақ» корпоративтік қорының шотына тікелей аударады.
«Қайталап айтамын, бұл ерікті түрде емес, мәжбүрлеу арқылы, заңда белгіленген рәсімдер аясында жасалынып жатыр. Осылайша Б.Байбектің Ж.Мамай мен И.Иманбаеваға қатысты талап арызы бойынша сот шығындарын өтеу бөлігіндегі сот шешімінің орындалуы қарқынды түрде жүруде. Заңды сот шешімі жауапкерлердің қандай да бір қулықтары мен мәлімдемелеріне қарамастан, толық көлемде орындалатын болады. Бұл үшін заңда жан-жақты шаралар көзделген», - деп жазды.
Сондай-ақ Айжан Тәшенова әрі қарай да атқарушылық іс жүргізудің келесі кезеңдері туралы хабардар етіп отыратынын жеткізді.