Бас прокуратура арандатушылық пен жалған ақпарат таратуға қатысты мәлімдеме жасады

Құзырлы орган азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған хабарламаларға сенбеуге шақырады

 
Бас прокуратура арандатушылық пен жалған ақпарат таратуға қатысты мәлімдеме жасады

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, соңғы кездері БАҚ пен әлеуметтік желілерде арандатушылық және жалған материалдарды тарату жағдайлары жиілеп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндай ақпараттық хабарлар вакциналау мен босқындардың келуінен бастап, тіл мәселесіне дейінгі әртүрлі тақырыптарды қамтиды.

«Жалған жарияланымдар болып жатқан оқиғаларды бұрмалайды, халықты жаңылыстырады.

Мысалы, жекелеген адамдар дәрігерлер мен ғалымдардың құзыретті пікірлерін елемей, «COVID-19» қарсы вакциналардың қауіптілігі мен тиімсіздігі туралы негізсіз жариялайды.

Кейбіреулер Конституцияда кепілдік берілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына – шығу тегіне, ұлтына және тіліне байланысты кемсітушілікке жол берілмейтініне ашық түрде қол сұғады», - делінген хабарламада.

Бас прокуратура сонымен қатар, аталған құқықтар мен бостандықтарды бұзу және шектеу, көрінеу жалған ақпарат тарату Қылмыстық кодекстің 145, 174, 274-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

«Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға, жалған хабарламаларға ден қоймауға және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырады», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.