ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Алдағы матчтар Амангелді Сейтхановты еске алумен басталады - ҚФФ

Қазақстан кубогінің ширек финалындағы 4 матч та бір минуттық үнсіздіктен басталады

16 тамызда белгілі спорт комментаторы, журналист Амангелді Сейітхан өмірден өтті. Осыған байланысты футболдан Қазақстан кубогінің ширек финалдық матчтары Амангелді Сейтхановты еске алумен басталады. Бұл туралы ҚФФ баспасөз қызметінен хабарланды.

«Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы осындай шешімге келді. 18 тамыда өтетін «Ордабасы» - «Қызылжар» арасындағы матчтан бөлек, ширек финалдағы 4 ойын да бір минуттық үнсіздіктен басталады. Қазақ футболының дамуына өз үлесін қосып, талай футболшылардың жалындап өнер көрсетуіне септігін тигізген спорт журналисі, комментатор Амангелді Сейтхановтың мезгілсіз қазасы қазақ футболына ауыр тигені рас. Сондай-ақ, «Қызылжар» СК командасында ойнайтын ұлы Ерасыл Сейтхановқа да арнайы көңіл айтамыз», - делінген хабарламада.

Амангелді Муатқанұлы 1969 жылы 11 мамыр күні ШҚО Мақаншы ауданында дүниеге келген.

1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде істеп, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болды.

Осы орайда ол арнадағы спорт бөліміндегі бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды.

Осындан соң «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды.

Ал 1997 жылы «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Франциядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды.

Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті.

Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Спорт шарасын «Жеңісті күндерде жолыққанша!» деп аяқтайтынымен көрермендер ықыласына бөленген еді.