ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Алматыда балалар үйінің директоры мен әлеуметтік педагог сотталды

Балалар үйі тәрбиеленушілерінің пайдасына 10 миллион теңгеден астам шығын өтелді

Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті «№1 Алматы облыстық балалар үйі» ҚММ директоры мен қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу барысында балалар үйінің әлеуметтік педагогы М. Мұстафина өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған 67 миллион теңге сомасындағы ақшалай жәрдемақыны жымқырғаны дәлелденді.

Сотталған Мұстафина әлеуметтік педагог және балалар үйінің басшысынан қамқоршының мүдделерін білдіруге сенімхаты бола отырып, тәрбиеленушілерге асыраушысынан айрылуы және мүгедектігі бойынша жәрдемақы ресімдеп, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерде оларға карточкалық шоттар ашқан.

Тәрбиеленушілердің есеп айырысу шоттарына толық қол жеткізіп, мобильді банкинг арқылы балалар үйі тәрбиеленушілерінің есеп айырысу шоттарынан жеке карточкалық шотқа ақша қаражатын аударымдарды жүзеге асырған, сондай-ақ тәрбиеленушілердің банк карталарын пайдалана отырып, банкоматтардан кейбір қаражатты алған.

Сотталушы мұндай заңсыз қызметпен 2015 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың тамызына дейін айналысқан.

Өз кезегінде балалар үйінің директоры Ғ. Қондыбаева 2018 жылдың күзінде Мұстафинаның ұрлау фактілері туралы біліп, оны уәкілетті органдардан жасырып, оны қызметінен шеттетпей және балалар үйі тәрбиеленушілерінің шоттарына қол жеткізуін шектемеген.

Сотталушылар өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта 10 миллион теңгеден астам шығын балалар үйі тәрбиеленушілерінің пайдасына өтелді.

Сот 52,4 миллион теңге көлеміндегі қалған соманы жәбірленушілерге қайтаруды міндеттеді.

Сот үкімімен М.Мұстафина ҚР ҚК 189-бабы (Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан және 10 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.

Г.Қондыбаева ҚР ҚК 371-бабы (салғырттық) бойынша кінәлі деп танылды. Мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, оған 2,7 миллион теңге сомасында айыппұл тағайындалды.