Білім беру гранттарының нәтижесі 15 тамызға дейін жарияланады – БҒМ

Автор: Azattyq Rýhy

Білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысқандар саны биыл 13 мың адамға артқан

 

Білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Комиссия отырысына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев төрағалық етті.

«Грантқа үміткерлердің өтінімдерін комиссия мүшелері қарайды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер, «Қазақстан студенттері Альянсы», Отандастар қорының өкілдері кірді. Одан кейін талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балдарына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде гранттар тағайындалатын болады», - делінген ҚР БҒМ баспасөз хабарламасында.

Президенттің тапсырмасы бойынша гранттардың жалпы саны 5 мыңға артып отыр. Яғни, өткен жылы білім беру гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңға дейін артты. Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген.

Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелерін 15 тамызға дейін жариялау жоспарланып отыр.