Чехия астанасында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті
Қонақтарды ұлттық киім киген қазақстандық студенттер қарсы алды
Қазақстанның Чехиядағы елшілігі мен «Қазақстан достары клубының қолдауымен «Прага» кемесінде Влтава өзенінің бойында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты серуен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шақырылған қонақтардың арасында жергілікті қоғам және мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері, чех және қазақ студенттері болды.
«Отандық дипломаттар өздерінің құттықтау сөздерінде қонақтарға еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуында қол жеткізген негізгі жетістіктері, сондай-ақ азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған реформалардың мазмұны туралы егжей-тегжейлі айтып берді», - делінген ҚР СІМ баспасөз хабарламасында.
Кеменің арнайы безендірілген палубасында қонақтарды ұлттық киім киген қазақстандық студенттер қарсы алды. Іс-шараны ұйымдастырушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналған шағын көрме мен қазақстандық студенттерің орындауында ұлттық әуендерімен концерттік бағдарлама ұсынылды.