ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Нұр-Сұлтанда 8 мыңнан астам адам үй карантинін бұзған

Ол «Ashyq» жүйесі арқылы анықталды

«Ashyq» жобасына қатысушы нысандар үй карантинін бұзған 8 мыңнан астам келуші анықтады. Оның ішінде "қызыл" статусы бар — 5 мыңға жуық келуші және "сары" статусы бар — 3453 адам бар, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Осылайша, аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары үй карантинін бұзған "қызыл" статусы бар келушілерге қатысты хаттамалар жасады.

Егер карантиндегі науқас санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамай, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзса және өзгелерге қасақана жұқтыру қаупін тудырса, заңға сәйкес оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады.

«Қызыл» және «сары» статусы бар адам өзін-өзі оқшаулау тәртібін ерікті шара, оны қатаң сақтау міндет емес деп санайды. Осылайша өзгелерге қауіп тудыратынын түсінбей, емін-еркін серуендеп жүреді. Өйткені, вирус адам ағзасына түскеннен кейін біраз уақыт инкубациялық жағдайда болады, ал оны жұқтырған адам өзгелермен қарым-қатынас жасай отырып, оларға қорқынышты инфекцияны тарататынын түсінбейді», — деп атап өтті онлайн-брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова.

Естеріңізге сала кетейік, науқастармен байланыста болған, алайда COVID-19-дың теріс ПТР-тест нәтижесі бар адамның "сары" статусы 14 күнге дейін сақталады.