ҚР ІІМ боран кезінде жолдың көрінбеуі және көктайғаққа байланысты жүргізушілерге жылдамдық режімін сақтауды, тоқтаған кезде авариялық белгілерді іске қосу керектігін еске салады
«Самара-Шымкент» жолында қолайсыз ауа райына байланысты 60 көлік қозғалысын тоқтатты, олар ауа райының жақсаруын күтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысында 120 шақырым жолда барлық көлік түріне қозғалыс жабылды. Бұл «Самара-Шымкент» жолының Дөң және Қарабұтақ ауылының аралығы (843-965 км). Сонымен қатар, Маржанбұлақ және Қобда (703-618 км) ауылының аралығында жүк көлігі мен қоғамдық көлік жүрісі шектелді. Барлық автокөлік қауіпсіздік үшін «Аманат» кемпингінің аумағында тұр, онда асхана мен қонақ үй бар. Ауа райы жақсарған соң олар әрі қарай сапарын жалғастырады.
Айта кетерлігі, бүгін «Самара-Шымкент» жолында екі жол апаты болды.
Самара – Шымкент» тасжолында күндіз сағат 13;45-те, Хромтау қаласы маңында, халықаралық трассаның 859 шақырымында 11 көлік жол апатына ұшырады. Екі жүк көлігі, сегіз жеңіл көлік пен бір «Газель» бір-біріне соғылған. Жол апатында 9 адам зардап шегіп, оның бесеуі Хромтау қаласының ауруханасына жатқызылды.
Екінші жол апаты Әйтеке би ауданында болды. Бетпе-бет соғылған екі жеңіл көліктегі бір жүргізуші мен бір жолаушы қаза тапты. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. Қазір Ақтөбе облысының Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр.
ҚР ІІМ ауа райының құбылуын, метеоболжам мен SMS ескертулерге құлақ асуды сұрайды. Ведомство боран кезінде жолдың көрінбеуі және көктайғаққа байланысты жүргізушілерге жылдамдық режімін сақтауды, тоқтаған кезде авариялық белгілерді іске қосу керектігін еске салады.