«Спутник V» вакцинасын өзге екпе түрлерімен біріктіру қауіпсіз – ғалымдар
Буэнос-Айресте вакциналар комбинациясы бойынша зерттеулер биыл басталған
Аргентиналық ғалымдар «Спутник V» коронавирусқа қарсы вакцинасын басқа екпелермен біріктіруге болады деген тұжырым жасады, деп хабарлайды Риа Новости.
«Буэнос-Айрес провинциясының Денсаулық сақтау министрлігінің жүргізіп жатқан зерттеу нәтижелері «Спутник V» вакцинасын Sinopharm және AstraZeneca-мен біріктіру ешқандай кері жанама әсерлерін көрсетпеді», - делінген хабарламада.
Зерттеуге қатысқан пациенттердің 41,6 пайызында ешқандай реакция байқалмаған. Ал екпе алушылардың 8,4 пайызының қызуы көтеріліп, 50 пайызында инъекция орнында ауырсыну болған.
Жобаға 18 жастан асқан азаматтар қатысып жатыр.
«Зерттеу вакциналар комбинациясының жоғары қауіпсіздігін көрсетті», - деді елдің Денсаулық сақтау министрлігі.
Зерттеу нәтижелері жақын арада жарияланады.