Бірінші сыныпқа қабылдау үшін 325 мыңнан астам өтініш түсті – БҒМ

Автор: Azattyq Rýhy

Министрлік ата-аналарға ертең құжат қабылдаудың соңғы күні екенін ескертеді

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрлігінің мәлімеінше, бүгінгі таңда бірінші сыныпқа қабылдау үшін 325 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның баспасөз қызметі ата-аналарға ертең құжат қабылдаудың соңғы күні екеніне назар аударуды сұрайды. Айта кетерлігі, құжаттарды қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады.

«Бұл мерзім болашақ оқушылардың ата-аналары мектепті алдын-ала анықтап, қажет құжаттарды уақытылы тапсырып, балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етуі үшін берілді. Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жинақтау, оқулықтардың қажетті көлемін сатып алу, мұғалімдер арасында сағаттарды бөлу және сыныптар санына байланысты педагогтер құрамын анықтау бойынша жұмыстарды атқаратын болады. Осыған байланысты министрлік өтініштерді уақытылы берудің маңыздылығын еске салады», - делінген БҒМ баспасөз хабарламасында.

Айта кетсек, өтініштерді қабылдау Еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Мектепке қабылдау үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет: баланың денсаулық жағдайы туралы құжаттар (баланың денсаулық паспорты №026/у-3, №063/у нысаны бойынша медициналық анықтама); баланың көлемі 3х4 см цифрлық фотосуреті. Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады.

«Қызыл» аймаққа енген өңірлерде тұратын ата-аналар медициналық анықтамаларды оқу жылының басталуына дейін ала алады.