Вакцинация паспортын қолдан жасағандар 4 жылға дейін сотталуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Ал оны жасауға тапсырыс бергендерді 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған

Жалған вакцинация паспортын жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Ішкі істер вице-министрі Арыстанғани Заппаров мәлімдеді.  

Вице-министрдің айтуынша, жалған вакцинация паспортын және ПТР-анықтама беру немесе қолдан жасау фактілері туралы ақпарат жинау бойынша ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы құрылған.

«ІІМ және оның аумақтық бөлімшелерінде жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландырулар бойынша тұрақты мониторинг топтар жұмыс істейді. Мәселен, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде жалған вакцинация паспортын немесе ПТР-анықтама сату туралы 62 хабарландыру анықталды. Олар туралы ақпаратты бұғаттау үшін уәкілетті органға (АҚДМ) айтылды. Сонымен қатар, жалған құжаттарды сатып алуға тырысып, алаяқтардың құрбанына айналуға болатынын атап өткен жөн», - деді Заппаров брифингте.

Қазір полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, ауруханалар мен емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеріп жатыр.

«Жыл басынан бері полиция органдары барлығы 86 қылмыстық іс қозғады. Оның 39-ы вакцинация паспорттарын және 47-сі ПТР-анықтаманы қолдан жасау фактісі», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай өршіген тұста полицейлер 2 мыңға жуық той өткізу фактісін тіркеген.

«Жыл басынан бері полиция 144 мың рейдтік іс-шара өткізді. 22 мың карантинді бұзу фактісінің жолы кесілді, 8,5 мыңға жуық ойын-сауық мекемесі тарапынан заң бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 2 мыңға жуық той өткізу фактісі анықталды», - деп хабарлады Заппаров.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният еліміздің өңірлерінде 1 860 мобильді топтың жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«Эпиджағдайға қарамастан той және басқа да бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Бір күнде, 27 шілдеде, 110 үйде осындай заң бұзушылықтар анықталды. Олар Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, сондай-ақ Шымкент пен Алматыда тіркелген. Әркім өз өмірі мен жақындарының өмірі үшін жауапкершілікті түсінуі керек», - деп атап өтті Ажар Ғиният.