Қырғызстанға 25 мың доза QazVac вакцинасы жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрі ризашылығын білдірді

фото: ҚР СІМ

Коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі ынтымақтастық шеңберінде Қазақстаннан Қырғызстанға көмек ретінде 25 000 доза QazVac вакцинасы жеткізілді.

«Біз қырғызстандықтардың Astra Zeneca, Sputnik V және басқа да шетелдік вакциналармен бірге QazVac екпесін де алатынына қуаныштымыз», - деп атап өтті Қырғызстан Денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев ризашылығын білдіріп.

QazVac вакцинасын Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты өндіріп шығарған және 2021 жылдың басынан бері ол ресейлік және қытайлық мамандар әзірлеген препараттармен қатар қазақстандықтарды вакциналау үшін кеңінен қолданылады.

QazVac вакцинасын салу 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады және бұлшықет ішіне екі кезеңде жүргізіледі, екі компонент аралығы 21 күнді құрайды. Қазақстандағы салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр.