Полицейлердің мәліметінше, тұрмыстық жанжалдың басым бөлігі алкогольді ішімдік салдарынан туындайды
2021 жылдың бірінші жартысында полиция қызметкерлері 47 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарған. Сондай-ақ, құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты сот 6 мыңға жуық ерекше талаптарды белгіледі. Бұл туралы ІІМ өткізген брифингте мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талаптар да қатаңдатылды. «Егер бұрын әкімшілік өндірістің кез келген сатысында татуласуға болатын болса, бұдан былай бұл процесс тек медиация сатысынан өткеннен кейін сотта ғана орындалады.
«Сонымен қатар, жыл басынан бері 6 айдың қорытындысы бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың саны 8%-ға (502-ден 462-ге дейін) төмендегені байқалады. Жалпықылмыстық құрылымында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтың үлесі жоғары емес, бар болғаны 0,7%-ды құрайды», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк.
Алайда, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің басым бөлігі жасырын күйде қалады. ІІМ өкілі мұндай қылмыстарға азаматтарды көбіне алкогольді ішімдік итермелейінін айтады. Ал ұсталғандардың 80% тұрақты жұмыс орны жоқ тұлғалар.
Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жолында қолданылатын тәсілдер еліміздегі жұптардың ажырасу санын одан сайын арттыруда.
«Статистикаға сәйкес, 2020 жылы ажырасқан қазақстандықтардың көбі тек 1 жылдан 4 жылға дейін некеде тұрды. Нақтырақ айтқанда, осындай 14 700 жағдай тіркелген. Ал 2 300 жұп бір жылға жетпей ажырасқан», - деді Милюк.
Бүгінде елімізде 49 дағдарыс орталығы полициямен әріптестік байланыста жұмыс істейді. Жыл басынан бері құқық қорғау қызметкерлері қиын жағдайға тап болған 3 мыңнан астам әйелді дағдарыс орталықтарына жіберді.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан