«46 градус ыстық болады»: ТЖМ азаматтарға қатаң ескерту жасады
Ыстық күн райы ай соңына дейін сақталады
Алдағы демалыс күндері елдің басым бөлігінде аптап ыстық басталады. Елдің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы 46 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Аптап ыстыққа байланысты ТЖМ азаматтарға себепсіз далаға шықпауды, күннің астында көп жүрмеуді ескертті. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша еліміздің бірқатар өңірлерінде таяу күндері қатты ыстық күтіледі және жоғары ауа температурасы айдың соңына дейін сақталады.
24 шілде күні күндіз Нұр-Сұлтан қаласында 35 градус ыстық болса, Ақмола облысында термометр бағаны 40 градусқа дейін жетеді.
«24-25 шілдеде күндіз Қарағанды облысының оңтүстігінде 40 градус қатты ыстық күтіледі. Кей жерлерде төтенше өрт қаупі сақталады. Күндіз 24-26 шілдеде Жамбыл облысының кей жерлерінде 44 градус қатты ыстық күтіледі. 25 шілдеде күндіз Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде 40-42 градус ыстық болады. 25 шілдеде күндіз Түркістан, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде 46 градус қатты ыстық күтіледі. 25-27 шілдеде күндіз Маңғыстау облысында 44 градус аптап ыстық күтіледі», - делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі ыстықтан сақтану үшін азаматтарды аса қажеттілік болмаған жағдайда далаға шықпауға кеңес беріп, ағзаны сусызданудан қорғау үшін күніне кемінде 1,5-3 литр сұйықтық ішуді ұсынды.
- аптап ыстықта кез-келген физикалық белсенділіктен бас тартыңыз;
- күндіз күн сәулесі бөлмеге кірмеуі үшін терезелерді ашық реңкті перделермен жабыңыз;
- күн өтпес үшін бас киім, ашық ауа өткізетін киім (мақтадан жасалған) киіңіз. Ыстық ауа райында балаларға ерекше назар аударып, сақ болыңыз.
«Сонымен қатар, азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік қағидаларына сақтауға шақырамыз. Табиғи өрттердің орын алуының негізгі себептері халықтың отты абайсыз пайдалануы, сөндірілмеген темекі, алау, жанған сіріңке, майлы немесе тозығы жеткен шүберек, шыны бөтелке, көлік құралының сөндіргішінен ұшқыны, құрғақ шөптің жағу, найзағай болып табылады», - деп ескертті ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.