$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.07.2021, 12:55
Жаңалықтар

Токио-2020: садақ атудан қазақстандық үш спортшының нәтижесі белгілі болды

70 метрден нысана көздеу бәсекесінде Денис Ганькин, Санжар Мұсаев пен Ильфат Абдуллин өнер көрсетті

Токио-2020: садақ атудан қазақстандық үш спортшының нәтижесі белгілі болды

Бүгін Токио Олимпиадасында садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы іріктеу кезеңі басталды. 70 метрден нысана көздеу бәсекесінде ел намысын Денис Ганькин, Санжар Мұсаев пен Ильфат Абдуллин қорғады.

Олардың іріктеу кезеңіндегі нәтижесі:

  • XIX орын - Денис Ганькин (669 ұпай);
  • XXVII орын - Ильфат Абдуллин (657 ұпай);
  • LII орын Санжар Мұсаев (647 ұпай).

Қазақстан құрамасының спортшылары Нидерландының Хертогенбос қаласында өткен Әлем чемпионатында Олимпиада жолдамасын иеленген еді. 

Ал жалпы есепте:

  • I орын - Ким Дже Док (688 ұпай);
  • III орын - Брэди Эллисон (682 ұпай);

Айта кетейік, садақ ату спортының бұл бағдарламасында Олимпиада рекордын оңтүстік кореялық Ким Уджин 2016 жылы 5 тамызда Рио-де-Жанейро қаласында тіркеген (700 ұпай). Ал әлем рекорды америкалық Брэди Эллисонға тиесілі. Ол 2019 жылы 7 тамызда Перу астанасы Лимада өткен чемпионатта 702 ұпай жинаған.

«Бүгінгі нәтижем көңілімнен шығады. Тек жарыс соңына қарай желдің күшейгені аздаған кедергі келтірді. Әйтпесе, қалғанының бәрі ойдағыдай. Бапкерлерім техникалық тұрғыдан қателеспеуді тапсырған болатын. Елдегі тынымсыз дайындықтың көмегі көп болды. Жалпы алғанда, біздің команда үшін бүгінгі көрсеткіш жаман емес. Санжар мен Ильфат та жақсы өнер көрсетті. Оларға да жел кедергі келтірсе керек. Өйткені, желдің бағыты түсініксіз. Енді 26 шілде күні командалық жарысты бастап, медальға таласамыз», - деді Денис Olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетелік, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша келесі айналымдағы спаррингтік жұптар анықталады. Қазақстандық Ильфат Абдуллин Ұлыбритания өкілі Джеймс Вудгейтке қарсы шығады. Денис Ганькин Египет намысын қорғайтын Юсуф Толбамен өзара мықтыны анықтайды. Санжар Мұсаев қытайлық Дапенг Вангпен 1/16 финал жолдамасына таласады.

Серіктес жаңалықтары