Мәдениет және қоғам қайраткерлері елорда тұрғындарын вакцинациялауға шақырады
Вакцинация – ұжымдық иммунитетті дамытудың жалғыз тәсілі
Елорда тұрғындарын вакцинациялау науқаны қызу жүріп жатыр. Мәдениет және қоғам қайраткерлері тұрғындарды вакцинациялауға шақырады деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Толық тексерілдім және вакцинаны еш қорқынышсыз алдым. Қуанышыма орай, бәрі жақсы, өзімді ойдағыдай сезінемін. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, вакцина алуға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Арайлым Рахым.
Айта кету керек, вакцинация – ұжымдық иммунитетті дамытудың және коронавирустың елде таралуын тоқтатудың жалғыз тәсілі.
«Мен елорда тұрғынымын. Ғылым саласында жұмыс істеймін. Сондай-ақ, көпбалалы отбасымын. Балаларым мен жақындарым және өзім үшін екпе алдым. Елорда тұрғындары мен қонақтарын, жалпы халқымызды вакцина алуға шақырамын. Тұмшаланып жүретін масканы шешетін уақыт келді», - деді «Қасиетті Қазақстан» ҒЗО жетекшісі Батырхан Жұмабаев.
«Вакцинаны сәуір айында алдым. Бәрі жақсы өтті, ешқандай ауырсыну болған жоқ. Туыстарыңызды, балаларыңызды, ата-аналарыңызды, ата-әжелеріңізді және жақын достарыңызды қорғау үшін COVID-19 вакцинасын қабылдауға шақырамын. Аман болыңыздар!» - деді елордалық цирктің манеж инспекторы Жолдасбек Имашев.
Еске салсақ, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен қаланың бас санитарлық дәрігері елордалықтарды COVID-19-ға қарсы вакцинациядан өтуге шақырды.