Еліміздің оңтүстігі мен батысында күн қайта ысиды
Синоптиктер демалыс күндерге арналған ауа райы болжамын ұсынды
17-19 шілдеде Қазақстан аумағында тұрақсыз ауа райы сақталады деп хабарлайды «Қазгидромет».
Солтүстік облыстар солтүстік циклонның фронтальды бөлімдерінің әсерінде болғандықтан мұнда жауын жауып, найзағай ойнайды деп күтілуде. Ал, оңтүстік пен оңтүстік-батыста ыстық және құрғақ болады.
«Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-батысында құрғақ және ыстық болады. Кей жерлерде екпінді жел, солтүстікте кей жерлерде тұман күтіледі. Батыста ауа температурасы түнде +17+25℃, күндіз +28+39℃, республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында ауа температурасы түнде +6 +21℃, күндіз термометрлер +20+36℃, елдің орталығында және шығысында ауа температурасы түнде +7+20℃, күндіз +23 +35℃, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысында түнгі температура +12+22°С, күндіз +29+40°С болады», - делінген Қазгидромет таратқан хабарламада.