$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.07.2021, 11:07
Жаңалықтар

Қызылорда облысында төтенше жағдай енгізілді

Өңірде қуаңшылықтан 559 мал басы шығынға ұшырады

Қызылорда облысында төтенше жағдай енгізілді

Қызылорда облысы Арал ауданында биылғы қуаңшылық жағдайына байланысты төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап. 

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысында аталған мәселе жан-жақты таразыланды. 

"Биыл Арал ауданында құрғақшылық жағдайы көрініс берді. Салдарынан 559 мал басының шығынға ұшырады. Қызылорда және Маңғыстау облысындағы қуаңшылық жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қажетті шараларды қабылдау жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Алғашқы кезекте мал басын аман алып қалу үшін су ұңғымасын қазу, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру мақсатында каналдар тазаланып, су тоспалары салынуы керек. Бұл жобалар толық жүзеге асуы үшін Сырдария өзенінің Бұрмаұлақ арнасын бөгеп, Аспай суағытқысын іске қосу арқылы, Ақшатау-Қамбаш көлдер жүйесін суландыру жұмыстары жүргізуге болады. Жоғарыда аталған жұмыстардың ірі көлемдегі қаржыны қажет етуіне байланысты республика бюджетінен қаржы бөлу жөнінде Үкіметке хат жолданды", - деді облыс әкімі. 

Бүгінде шөптің шығымына байланысты ауылдық округтер "қызыл", "сары", "жасыл" аймақтарға бөлінген. Қыста шамамен 205 мың бас төрт түлік қолда бағылады деп жоспарланған. Оған 184 мың тонна шөп қажет. 

Ауданға 2 мың 300 тоннасы ғана жеткізілді. Аудандағы шабындықтардан 36 мың тоннадай шөп дайындалады. Қалған 146 мың тоннасын сырттан тасымалдау жоспарланып отыр.  

Комиссия отырысында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов қабылданған шаралар туралы баяндап, мәселені шешу үшін қажетті іс-шараларды ұсынды. Ауданда мал өлімінің алдын алу, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында суаттар мен көл жиектеріне ауыл тұрғындарының көмегімен кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынды. Сонымен қатар, әр елді мекен бойынша арнайы CALL-орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда мал өлімінің тіркелуі тоқтады.

Серіктес жаңалықтары