Елордада 400 отбасы баспаналы болды

Биыл астанада 10 мың әлеуметтік пәтер салынған.

Елордада 400 отбасы баспаналы болды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов  парақшасында Елорда күні кезекте тұрған 400 отбасына баспана кілтін табыстады. Баспаналы болғандар кезекте тұрған азаматтар: жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі.

Елорда күні қала тұрғындары қоныс тойын тойлады. Әлеуметтік тұрғын үй қаланың барлық ауданында салынып жатыр. Бүгін пәтер кілті Есіл ауданындағы (Пригородный елді-мекені) және Алматы ауданындағы (Қошқарбаев көшесі мен А 104 қиылысы) тұрғын үй кешенінен берілді. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл Нұр-Сұлтанда 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Тек соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 есеге артты. Мәселен, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер, ал 2020 жылы 7 000-нан астам пәтер салынып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік: медициналық қызметкерлер, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады» деді Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ, А.Көлгінов Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана» бағдарламасының биыл да жалғасатынын айтты.

«Бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті тапсырылды. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын (әлеуметтік несиелеу) іске қосуды жоспарлап отырмыз» деп жазды елорда әкімі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.