Зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге қанша қаржы аударылғаны белгілі болды

Осы жылдың алты айында салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін берген 330 мыңнан астам өтініші мақұлданған

Зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге қанша қаржы аударылғаны белгілі болды
Фотоколлаж

БЖЗҚ 2021 жылдың 30 мауысымындағы жағдай бойынша салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін берген 331 мың өтінішін мақұлдаған. Сөйтіп уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына 1,5 трлн теңгеден аса қаржы аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,6 млн теңге болған. Өтініштердің ең көбі Алматы қаласы (16,44%), Маңғыстау облысы (15,83%), Нұр-Сұлтан қаласынан (12,95%) жолданған. Бұрынғыдай зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар ретінде «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ  қала береді, делінген БЖЗҚ ресми сайтындағы хабарламада.

Ал 171,5 млрд теңгеден аса соманы банктер зейнетақы қорының есепшотына қайтарған. Салымшылар тапсырыс бергенімен, бұл соманы белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

БЖЗҚ-дан емделуге деп 17 465 өтініш түскен. Бұл бағытқа қордан 11,8 млрд теңге жұмсалған. Орташа сома – шамамен 1 млн теңге. Емделуге деп қаржы сұрап, бірақ оны уақытында пайдаланбаған қаржыны «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ кері қайтарған. Оның көлемі 2,2 млрд теңге болыпты.

Айта кетейік, Бірыңғай Жинақтаушы Зейнетақы Қорының 2021 жылдың 1 маусымында зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 12,7 трлн теңге болды.  Қордың жылдық табысы орташа есеппен 7,4% пайыз.

БЖЗҚ инвестициялық портфелі төмендегідей: ҚР Қаржы министрлігі шығарған бағалы қағаздар құны 5 млрд 148 млн теңгені (ол бүкіл портфелдің 40,51%) құрайды. ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары 1 млрд 764 млрд  теңге (13,88 %).  Екінші деңгейлі банктердің бағалы қағаздарының үлесі 1 млрд теңге (8,29%), ал сыртқа басқаруға берген активтер көлемі 1 млрд 180 млрд теңге. Ол шамамен зейнетақы қоры активтерінің 9,28%-ына тең.

Зейнетақы қорының  жыл басынан бері есептелген инвестициялық табыстың құрылымы мынадай:

  • бағалы қағаздар, оның ішінде орналастырылған салымдар және "кері РЕПО" операциялары бойынша сыйақы түріндегі кірістер 354,08 млрд теңге;
  • бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан түскен кірістер 94,62 млрд теңге;
  • шетел валютасын қайта бағалаудан түскен кірістер 49,36 млрд теңге;
  • сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер 88,25 млрд теңге;
  • өзге де кірістер 85,49 млрд теңгені құрады.

Осылайша, 2021 жылдың басынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 671,8 млрд теңгені құрады, делінген хабарламада.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.