Шымкентте коронавирус жұқтырған 7 адамда «дельта» штамы болуы мүмкін
Үнді штамын жұқтырған деп күдіктелгендердің бірі - 20 маусымда дүниеге келген нәресте

Шымкентте коронавирус жұқтырған 7 адамда «дельта» штамы болуы мүмкін. Санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті осылай деп мәлімдеді, деп хабарлады Otyrar.kz.
Үнді штамын жұқтырған деп күдіктелгендердің бірі маусымның 20-сы күні дүниеге келген нәресте. Нәтиже лабораторияның бірінші сатысында анықталған. Алайда, короновирус індетінің үнді штамын анықтау бірнеше саты арқылы жүзеге асырылады. Ал әлі бір айға толмаған бүлдіршін COVID-19 індетін анасынан жұқтырған екен.
«Біздің қаламызда соңғы жағдай бойынша 20 маусымда туған нәрестеде КВИ анықталды. Анасында вирустың клиникалық симптомдары болған екен. Тексерістерден соң балаға анасынан жұқтырғаны белгілі болды. Нәрестенің дене қызуы көтерілген, мазасызданып, іші өткен. Суықтаған сияқты болып басталған. Бірақ коронавирус індетіне тексерген кезде оң нәтиже беріп отыр. Соның себебінен де «дельта» деп болжап отырмыз», - деді Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Мамандардың сөзінше, соңғы кездері жастар арасында КВИ жұқтыру артып келеді. Мәселен, соңғы екі аптада қалада 908 адамнан қауіпті індет анықталса, соның 148-і 18 жасқа дейінгі балалар екен.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты шаһардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін карантин режимін ұзарту туралы жаңа қаулысы шықты.
Енді халыққа қызмет көрсету объектілерінің, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандары мен сауда орындарының және тағы өзге халықпен тығыз байланыста болатын ұйымдардың вакцина салдырмаған қызметкерлеріне күндізгі жұмысқа келуі шектелді.