Еңбекшіқазақ ауданында аурухананың бас дәрігері ұсталды деген ақпарат тарады
Бейресми ақпарат көздерінің жазуынша, бас дәрігер мен оның орынбасарлары қарамағындағы қызметкерлерден жүйелі түрде пара алған
Алматы облысында Еңбекшіқазақ ауданы көпсалалық ауруханасының бас дәрігері екі орынбасарымен ұсталды деген ақпарат тарады. Бұл туралы әлеуметтік желіде «Талғар және талғарлықтар» деген атпен белгілі жалпыға қолжетімді топта жазылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Пабликте жазылған ақпаратқа қарағанда, Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалық ауруханасының бас дәрігері Ж.С. Әбеуова мен оның екі орынбасары Сулейманов Д.К. және Омарқұлова Б.А. жүйелі түрде пара алғаны үшін құрықталған. Олар өз қарамағындағы дәрігерлер, медицина қызметкерлері мен техникалық персоналдан заңсыз ақша жинаған. «COVID-19» эпидемиясына қарсы жұмыс істеген бөлімшенің қызметкерлеріне мемлекет тарапынан бөлінген үстемақыдан да өз мақсатарына қаражат ұстаған. Бейресми ақпарат көздерінің жазуынша, алым әр қызметкерден 150 мың теңгеден жиналған. Жалпы сомма көлемі 5-7 млн теңгені құраған.
Бұл ақпаратқа байланысты Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы пікір білдірді. Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына жауапты басқарма өкілі бұл іс бойынша антикор толық ақпарат беретінін айтты.
«Денсаулық сақтау басқармасы бүгін-ертең арнайы брифинг береді. Ақпаратты барлығына бірдей таратамыз. Күтіңіздер. Жамила Әбеуованың жұмыста бар-жоғын айта алмаймын. Ол туралы өзіңіз хабарласып анықтаңыз»,- дейді Ләйлім Әубәкірова.
Аудандық аурухананың ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, жоғарыда тараған ақпаратта көрсетілген азаматтардың жұмыс істейтіні белгілі болды. Омарқұлова Бибігүл Асылханқызы директордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, ал Сулейманова Диана Кокльевна директордың сапа жөніндегі орынбасары деп көрсетілген.