$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.06.2021, 16:58
Жаңалықтар

COVID-19: Елордалық стационарларға күн сайын 200-ге жуық науқас түседі

Қаладағы стационарларда төсек-орынның 70-75%-ы бос емес

COVID-19: Елордалық стационарларға күн сайын 200-ге жуық науқас түседі

«Дельта» штамының пайда болуына байланысты елордада науқастар санының күрт өсуі байқалады. Қазіргі уақытта қалалық стационарлардағы төсек-орынның 70-75%-ы бос емес. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтып берді.

«Қазір қаладағы эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Маусым айының басында бізде КВИ жұқтырғандар саны азайған, күніне шамамен 100-110 коронавирус жұқтыру дерегі тіркелетін, «Дельта» штамының пайда болуына байланысты науқастар қатары күрт артты. Бүгін 678 адамнан вирус анықталды. Сондықтан санитарлық дәрігерлер қосымша шектеу шараларын қабылдады – бұл мәжбүрлі шара», — деп атап өтті елорда әкімі.

Қала басшысының мәліметі бойынша, бүгінде елорданың 14 стационарында 2 мың төсек-орын орналастырылған, оның ішінде 1 400-і яғни, 70-75%-ы бос емес. Күн сайын стационарларға 200-ге жуық пациент түсуде.

Пандемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда зертханалар саны 2-ден 27-ге дейін артты. Қазір тәулігіне 13 мыңға дейін ПТР-тест өткізуге болады. Бұл шаралар КВИ ауруының алдын алуға және науқастар қатарын анықтауды арттыруға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде уақтылы емдеуге әсер етеді.

«Қазір тұрғындар арасында вакцинация белсенді жүргізілуде. Бірінші кезекте өздері келіп, вакцинацияланған жандарға алғыс айтқым келеді. Бұл қосымша ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және азаматтардың өзін және өзгелерді қорғайды. Бүгінге дейін 100-ден астам вакцинация пунктін аштық: барлық емханалар, жеке және мемлекеттік амбулаториялық қызметтер күн сайын жұмыс істейді. Сондай-ақ, біз ірі сауда орталықтарында вакцинация пунктерін аштық. Осы сауда нысандарының кәсіпкерлеріне, басшыларына, құрылтайшыларына алғыс айтқым келеді. Бұл бізге көп көмектесіп жатыр», — деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Әкім халықты вакцина алуға ынталандыру мақсатында бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны жарияланғанын еске салды. Себебі сарапшылар пандемиямен күресудің басқа жолы жоқ дейді. Сондықтан вакцинацияланғандардың санын көбейтіп, ұжымдық иммунитетті дамыту қажет.

«Қазір бізде медицина қызметкерлерінің 90%-дан астамы, коммуналдық кәсіпорындар қызметкерлерінің 70%-дан астамы егілді. Сондай-ақ ұжымдарға барып, вакцинация жүргізетін мобильді топтар жұмыс істейді. Қала тұрғындарын тезірек вакцинациялауға, сондай-ақ өздерін және жақындарын қорғауға шақырамын», — деді қала басшысы.

Сонымен қатар, әкім қалада «Ashyq» жобасының іске асырылып жатқанын атап өтті. Қазір осы жүйе арқылы 1 300-ге жуық кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді.

«Ashyq» жүйесі өзін жақсы жағынан көрсетті, біз оны одан әрі жетілдіреміз. «Қызыл» статусы бола түра көпшілік тамақтанатын орындарына кіруге тырысқандар да аз болмады. Бірақ «Ashyq» жүйесі осындай жағдайлардың алдын алады. Тұрғындарды жауапқа тарту фактілері де болды. Біз азаматтарымызды тәртіпке бағынуға және бір-бірімізге көмектесуге шақырамыз», — деді әкім.

Серіктес жаңалықтары