$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.06.2021, 10:20
Жаңалықтар

«Керуен-сарайдың» виртуалды нұсқасы пайда болады

Оны петропавлдық оқушылар жасап жатыр

«Керуен-сарайдың» виртуалды нұсқасы пайда болады

Күллі Қазақстан халқының көзайымына айналған Түркістан қаласындағы «Керуен- сарайдың» виртуалды нұсқасы пайда болады. «Туған елге тағзым» экспедициясына қатысқан Петропавл қаласындағы NIS оқушылары бірегей ғимараттың құрылысы мен дизайнының ерекшеліктерін зерттеді.

Студенттер «Minесraft» платформасында туристік нысанның тура көшірмесін жасайды. Онда кез келген адам компъютер алдында отырып-ақ, «Керуен-сарайда» саяхат жасай алады.

«Биыл пандемияға байланысты «Туған елге тағзым» жобасын жүзеге асыруда өзгешеліктер болды. Оқушылар желілік сайысқа қатысып, өздерінің түрлі экспедициялық зерттеулерін ұсынды. Айғаным қонысы, Ағынтай мен Қарасай батырлар кесенесі сынды музейлердің виртуалды дәл көшірмесін жасадық. Мен оқушыларға жетекшілік еттім. Азат Аңдамасов, Абинұр Асқар мен Данияр Рамазан есімді оқушылардан құралған топ жүлделі орынға ие болды. Осылайша киелі Түркістан жерінде саяхат жасауға мүмкіндік беретін жолдаманы еншіледік», – дейді Петропавл қаласындағы  NIS директоры, экспедициялық топ жетекшісі Данияр Уәлиев.

Оқушылар «Туған елге тағзым» экспедициясы аясында киелі Түркістан жеріндегі Арыстан-Баб кесенесі, Керуен сарай, Гауһар ана мавзолейі, Отырар орталығы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі сынды тағы басқа нысандарды аралады. Шымкент қаласына сапар шекті.

«Түркістан сапары – ұмытылмас күндерге айналды. Біз тарихи-мәдени нысандарды аралағанда жай ғана турист ретінде емес, ғимараттардың ерекшелігіне құрылысшы, архитектор ретінде қарауға тырыстық. Өйткені біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. Жұмысқа кірісіп кеттік. Виртуалды әлемде бұл ғимараттардың әсемдігін барынша бейнелеуге күш саламыз», –  дейді Азат Аңдамасов.

Жас туристер қазақ шежіресі жайында мол мағлұмат алып, ғимараттардың құрылысын зерттеді. Жас зерттеушілер болашақта «Minесraft» платформасында өздері жасаған виртуалды музейлер мен тарихи орындардың санын арттыра түспек.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары