Солтүстікте зейнеткер шиншилла өсірумен айналысады
Шиншилла – Оңтүстік Америкада тіршілік ететін аң
Солтүстікқазақстандық зейнеткер елде жоқ ерекше кәсіп – шиншилла өсірумен айналысады. Виктор Таранов осыдан екі жыл бұрын ферма ашқан. Бастапқыда небәрі 5 шиншилла болған. Қазір оның иелігіндегі аңдар саны 100-ден астады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Виктор Таранов – Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында тұрады. Еңбекқор азамат зейнетке шыққан соң қол қусырып отырмай, ерекше іспен айналысуды жөн санапты. Интернет арқылы мағлұмат іздеп, бұрын-соңды көрмеген аңдарға күтім жасауды үйренген. Қазір фермасындағы аңдардың барлығын жазбай таниды. Шиншиллалар да оның келгенін сезсе, тордың есігіне қарай ентелейді. Олар бір қарағанда қоянға ұқсайды, тек кішкентай. Салмағы 800 граммнан аспайды. Ал үлпілдеген құйрығын тиіндікімен бірдей. Мысық сынды мияулайды.
«Шиншилла – Оңтүстік Америкада тіршілік ететін аң. Оны бізде ұстау үшін қысы-жазы бөлмеде 16-18 градус температураны сақтау қажет. Сондықтан қораға кондиционер орнатып қойдым. Ал қыста пеш жағамын. Шиншилланы күту – қиын емес. Бірақ уақыт алады. Бабын тапсаң жылына 3 рет балалап, 10-нан астам төл береді. Қазақстанда шиншилла өсіретіндер көп емес. Бұл - сирек кездесетін кәсіп. Шиншиллалардың басқа кемірушілер сияқты жағымсыз исі жоқ. Сондықтан да мен оларды жақсы көремін», - дейді зейнеткер.
ТЕРІСІ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНАДЫ
Шиншилланың түгі әдемі, мықты әрі жылы болғандықтан жоғары бағаланады. Сондықтан оның терісінен тігілген тондар да қымбат. Кемірушілер отрядына жататын бұл аңды үйде, экзотикалық жануар ретінде ұстайтындар бар. Сонымен қатар зоологиялық дүкендер сатылымында кездестіруге болады. Ал Виктор Таранов аңның терісінен тон тігуге қарсы. Ол мұндай тіршілік иелерін зообақтарда ұстаған жөн деп есептейді.
Бір шиншилла өсіп жетілу үшін кемінде 8 ай уақыт керек. Олар сәбіз, алма, кептірілген жеміс пен жем-шөпті жей береді. Зейнеткер жаз бойы жеміс-көкөністерді өсіріп, күз бойы кептіреді. Дәруменге бай мұндай азық келер маусымға дейін, яғни 1 жылға жетеді.
«Аңдарға түйіршіктелген азық әзірлеймін. Оны өзім дайындаймын. Ол үшін үккіш те сатып алдым. Қоспаның құрамында сұлы, арпа, бидай, қарақұмық, күріш, жүгері, бұршақ пен жасымық бар. Сондықтан да дәруменге бай. Қабы бір айға жуық уақытқа жетіп қалады. Азықты сатып алсаң, қымбатқа түседі. Өзім әзірлеу арқылы біраз қаражатымды үнемдеймін. Сонымен қатар, оларға шөп беремін. Әзірге оларға қаржы, уақыт пен күшімді салып жатырмын. Бірақ шиншиллаларды сатып, пайда тапқан емеспін. Бір жағынан қимаймын. Тон тігуді құптамаймын. Егер оларды үйде ұстауға немесе зоодүкен иелері сатып алса, қуана келісер едім», - дейді Виктор Таранов.
Шиншилллардың тырнағы мықты. Абайлап ұстамаса, адамды аздап жарақаттауы да мүмкін. Экзотикалық жануар ерекше күтімді қажет етпейді. Күніне бір рет тамақтандырса жеткілікті. Тазалық пен тыныштықты жақсы көреді. Түрлі ауруларға төзімді. Алайда суыққа шыдамсыз. Оларға 10 градус жылы ауа температурасында ауыруы немесе өліп қалуы мүмкін.
ШИНШИЛЛА ӨСІРУ – ТИІМДІ КӘСІП
Солтүстік Қазақстанда шиншилла өсірумен айналысатын екі адам бар. Тағы бірі Есіл ауданының тұрғыны Евгений Шмалько. Ол бастапқыда штншиллаларды Ресейден әкелген. Әрқайсысының құны 50 мың теңгеге бағаланыпты. Аңдарды үйінің іргесіндегі жазғы асханада өсіре бастапты. Мамандығы экономист және заңгер, көп ізденіп, кәсіпкерлікке бет бұруды жөн санапты.
«Бұған дейін мен құндыз бен қоян өсіріп көргем. Тәжірибем бар. Ғаламторды ақтарып, шаруашылықтың тиімді түрін таптым деп ойлаймын. Шиншилла өсіру – бизнестің оңтайлы тәсілі. Аңдарды және тор сатып алуға біраз қаражат жұмсалады. Бірақ ол кейін өзін еселеп ақтайтынына сенімдімін. Оларды күту айтардықтай қиын емес. Тиісті жағдай жасап отырсаң болғаны», - дейді кәсіпкер Евгений Шмалько.
Шиншилла – суға шыдамайды. Олардың терісін ұсақ құммен тазартады. Жарық пен қатты шудан қорқады. Болашақта Евгений сою цехі мен теріден дайын өнім шығаратын тігін цехін де ашпақшы. Ол үшін жануарлар санын 5-6 есе көбейту керек. Бір ішіктің өзіне шамамен 70-75 тері қажет. Бір шиншилланың құны 50 мың теңге болса, қалғанын өзіңіз есептей беріңіз...
ЖАБАЙЫ ШИНШИЛЛАЛАР ЖОЙЫЛЫП КЕТКЕН
Шиншилла Оңтүстік Американың таулы аймақтарында бүгінде үй жануарлары ретінде кеңінен тараған. Олардың екі түрі бар. Терісінің қымбаттығы – шиншиллалардың табиғатта азайып кетуіне себеп болған. Кей мемлекеттерде бұл жануарлар мемлекет қорғауына алынған. Зерттеушілердің пайымдауынша шиншиллалар фермалар мен үй жағдайында тезірек көбейеді. Өйткені оларға жыртқыштардан төнер қауіп жоқ. Мұндай аңдар орта есеппен 20 жылға дейін тіршілік етеді. Шиншилланың терісімен қатар, етін де пайдаланатындар кездеседі. Оны экзотикалық азық санап, түрлі ауруларға шипа болады деп есептейтіндер де бар.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО