$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.06.2021, 12:30
Жаңалықтар

Токио Олимпиадасына баратын қазақстандық дзюдошылардың тізімі жарияланды

Олимпиадаға ерлер құрамасынан жалпы саны бес дзюдошы қатысады

Токио Олимпиадасына баратын қазақстандық дзюдошылардың тізімі жарияланды
Елдос Сметов, фото: olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев Токио Олимпиадасына қатысатын спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Olympic.kz.

Ұлттық құраманың бапкерлері ақылдасып, Ғұсман Қырғызбаевты (60 келі) әлем біріншілігіне, ал Елдос Сметовты Олимпиада ойындарына жіберуді жөн санаған.

«Екі спортшымызды екі маңызды жарысқа арнайы дайындадық. Ғұсман Қырғызбаев Будапештте үмітімізді ақтап, әлем чемпионатының күміс жүлесіне ие болды», - деді бас бапкер.

Ал 66 келіде Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжановтың арасындағы бәсеке өте тартысты жүрді. Бес жылға созылған олимпиадалық циклде екі дзюдошыға бірдей мүмкіндік беріліп, әлемдік жарыстарға қатар шықты.

«Әлем чемпионатының алдында дәл осы салмақ бойынша да бапкерлермен ақылдасып, Токиоға баратын спортшыны әлем чемпионатынан кейін белгілі болады деп тарқасқанбыз. Өздеріңіз көргендей, Елдос Жұмақанов әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, жарыста бесінші болды. Жүлдегерлер қатарынан көрінгенде, сөзсіз, Елдос олимпиадалық рейтингте алдыңғы қатарға шығатын еді. Алайда, жарақатына байланысты ол жартылай финалда тоқтады», - дейді Ғалымжан Жылгелдиев.

Қазір 66 келіде Ерлан Серікжанов рейтингте жоғары тұр. Сондықтан осы салмақ бойынша Ерлан Серікжанов Токио Олимпиадасында ел намысын қорғайды.

Ал қалған салмақтар бойынша рейтингте тиісті ұпай еншілеген балуандар Токиоға аттанады.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жансай Смағұлов, 90 келіде Ислам Бозбаев Олимпиада ойындарына қатысады. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Хамза құрлықтық квотаға ие болды.

Осылайша, Токио Олимпиадасына ерлер құрамасынан жалпы саны бес дзюдошы қатысады. Олар: Елдос Сметов (60 кг), Ерлан Серікжанов (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Дидар Хамза (81 кг) және Ислам Бозбаев (90 кг).

Серіктес жаңалықтары