Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов қараусыз қалған нысандар жайлы айтты
Әкімнің айтуынша, дәл қазір қаланың әр нүктесінде қараусыз қалған 680-ге тарта нысан бар: 126 шақырым электр желісі, 7,5 шақырым су желісі, 14 шақырым кәріз жүйесі, 200-ге жуық трансформатор мен 79 шағын трансформатор станциясы баланста жоқ.
Алтай Көлгінов осы тақырыпты жалғастыра отырып, қарашаның басында елорданың сол жағалауын тәулік бойы жарықсыз қалдырған апаттың себебін айтты.
«10 қараша күні болған электр желісінденгі апат иесіз жатқан желілердің проблемасын қайта көтерді деуге болады. Мердігер апат болған жердегі (Сығанақ және Ақмешіт көшелерінің қиылысында – авт.) кабель каналдарын заңсыз төсеген. Комиссияның мәліметіне сүйенсек, тоқтың тұйықталуынан болған өрт полиэтилен құбырларының теріс салынғанынан өршіп кеткен. Соның салдарынан негізгі және резервтегі кабель күйді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді Алтай Көлгінов.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан