$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.12.2019, 15:01
Жаңалықтар

Петропавлда дүкен ашпақ болған кәсіпкерді көршілері сотқа берді

Даулы мәселе 5 жылдан бері шешімін таппай келеді 

Петропавлда дүкен ашпақ болған кәсіпкерді көршілері сотқа берді

Петропавлда көппәтерлі үйдің бірінші қабатынан дүкен ашпақ болған кәсіпкерді көршілері сотқа берді. Алайда, сот «Пионер» тұрғын үй құрылысы кооперативінің талабын қанағаттандырмады. Бес жылдан бері аяқталмай келе жатқан даулы мәселені шешу үшін Интернационал көшесінде орналасқан 47-ші үйдің иелері аппеляцияға бермек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Интернационал көшесіндегі 47-ші үй – Петропавлда тұрғын үй құрылысы кооперативі арқылы салынған алғашқы баспана. Қазір онда 30 отбасы тұрып жатыр. Қарамағында 0,14 гектар жері бар. Тұрғындар аталған аумақты абаттандырып, демалуға арналған орын ретінде пайдаланады екен.

Наталья Кривошеева көп жылдардан бері осы мекен-жайда тұрады. Пәтер дүниеден озған ата-анасынан қалған. Сондықтан да шаңырағын тастап, ешқайда кеткісі келмейді. Үй ескі болғанына қарамастан, қаланың қақ ортасында орналасқандықтан сұранысқа ие. Адам аяғы көп жүретін ауданда кәсіпкерлер үшін түрлі бизнес нысандарын ашуға қолайлы. Үйдің маңында Петропавл қаласындағы ең ірі базарлардың бірі «Тайга» орналасқан. «Айсберг» сауда орталығы да осы маңда. Одан қалды көше бойынша гүл, киім-кешек сататын ірілі-ұсақты сауда нүктелері самсап тұр. Сондықтан тұрғындар үйдің маңайына әсіресе көлікпен ккелу қиын екендігін айтады. Жедел жәрдем мен түрлі коммуналдық қызмет техникасы да бұл ауданда емін-еркін қозғала алмайды.

Тұрғын 2014 жылдан бері өздерінен маза қашқандығын айтады. Себебі бірінші қабаттағы пәтерлердің бірін сыра барын ашу мақатында кәсіпкер сатып алған. Жаңа қожайынды сотқа берген тұрғындар, жеңіп шыққан. Сот үй иелерінің шағымы бойынша кәсіпкер орнатқан қосалқы есік алдындағы пандус пен баспалдақты алып тастау туралы шешім шығарады. Қалалық сотта жеңіліп қалған кәсіпкер, облыстық сотқа жүгінеді. Алайда шешім өзгеріссіз қалады. Осылайша бизнес нысанын ашпақ болған ол өз әрекетінен ештеңе шықпағандықтан, пәтерді төмен бағаға сатып жібереді.

«Астыңғы қабаттағы пәтер саудаланғалы соттан, арыз жинау, қол жинаудан көз ашпай келеміз. Бірінші рет оны жеке кәсіпкер Осипов сатып алды. Онымен екі рет сотта кездестік. Сыра барын ашпақ болып, ештеңе шықпағасын пәтерді сатып жіберді. Оны алмақ болып тағы бір кәспкер Змеев саудалап жүргенін де білдік. Оған бірнеше рет сот болғанын, тұрғындар тарапынан сауда орнын ашуға қарсылық болатынын ескерттім. Ол осындай проблемаларға қарамастан, нысанды сатып алды. Енді дүкен ашпақ. Сырттан салынған қосалқы есіктің алдына тағы да қосымша ғимарат салмақ ойы да бар сияқты. Көшедегі ағаштарды кесіп, көлік тоқтайтын орын салмақ», - дейді Наталья Кривошеева.

Жуырда тағы бір сот отырысы болған. Бұл жолы заң өкілі Батраханова кәсіпкер Змеевтің есебіне шешім шығарған. Сот оған жер учаскесін пайдалануға толық емес құқық беру жөнінде шешім шығарған. Ал тұрғындардың есік алдындағы баспалдақ пен пандусты алып тастау жөніндегі өтініші қанағаттандырылмаған. Көпшілік бұл шешімнің әділетсіздік екендігін айтады.

«Бұл шешім арқылы сот бізді жерімізден айырмақ. Ол аумақ бөлінбейді. Бұл заңға қайшы. Біз өз құқығымызды қорғау үшін қайда болсын баруға әзірміз. Змеев үйдің іргесіндегі жылу құбырларын қазып алып, жердің астына орналастырмақ. Бұл ескі үйдің іргетасын бүлдіреді. Біз тұған көше толған дүкен. Бірінің үстінде бірі тұр. Тағы да сауда орны ашылмақ. Біз оған қарсымыз», - дейді Кривошеева.

Татьяна Тишкина даулы пәтердің үстінде тұрады. Аталған нысанға  қатысты соңғы бес жылда үш рет сот болған. Ол мұндай жағдайдан әбден мезі болғанын айтады.

«Пәтер бұған дейін қойма, жиһаз цехы ретінде пайдаланылды. Жазда терезе ашу мүмкін емес. Желім мен басқа да материалдардың жағымсыз исі мен жоңқа қалдықтары екінші қабатқа дейін ұшып келеді. Кәсіпкер енді дүкен ашпақ. Бастапқыда осындай сылтаумен рұқсат алып, кейін сыра барына айналдырып жіберсе, біз тосқауыл бола алмаймыз. Қосымша есік салып, суағарды басқа жаққа бұрып қойды. Су жертөлеге кетіп жатыр. Күзде қабырға дымдана бастады. Ал соттың шешімімен мүлде келіспейміз. Заң өкілдері біздің құқығымызды бұзды. Кәспікерге жерді пайдалануға берілген құқық, бізді құқығымыздан айырып отыр. Себебі ол жер акт бойынша бөлінбейді», - дейді үй тұрғыны.

Сот материалдарына сүйенсек, судья Батраханова тұрғындардың қосымша есік пен пандусты алып тастау жөнінгеді өтініші негізсіз деп тапқан. Себебі ол халықтың жүріп-тұруына, жылу жүйелерінің жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді. Сот шешімінде Жер кодексіне сәйкес, ғимарат алдындағы жер кондоминимум мүшелерінің бөлек меншігіне технологиялық қажеттіліктерді жүзеге асыру мақсатында берілетіндігі жайында айтылған.

Алайда тұрғындар мұнымен келіпсейді. Олар жоғары тұрған сотқа шағымданбақ. Ал СҚО ауданаралық экономикалық сотының шешімі 1 айдан кейін күшіне енеді.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары