ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 7,5 мың адам коронавирус жұқтырды

Павлодарда қыздарына түнде қыдыруға рұқсат берген ата-ана жазаланды

Өңірде «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысы Успен ауданының полицейлері  17-20 маусым аралығында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары көшелерді, аулаларды, ойын-сауық орындарын және басқа да қоғамдық орындарды, сондай-ақ жасөспірімдер болуы мүмкін орындарды тексерген.

«Кезекті рейд кезінде сағат 00.00-де Успенка ауылы көшелерінің бірінде баяу жүрген екі жасөспірім қыз анықталды. Полицейлердің көшеде қыздар не істеп жүргені және олардың ата-аналары алаңдаушылық білдірмей ме деген сұрағына балалар ата-аналары оларға кеш уақытта жүруге рұқсат бергені жайлы айтқан. ҚР ӘҚБК 442-бабының 2-бөлігі бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды», - деді Успен ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуандық Шахманов.

Сонымен қатар, ата-аналармен және олардың балаларымен мұндай жағдайлардың алдын алу туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Полицейлер қадағалаудың жеткіліксіздігі қайғылы салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. 

Статистикаға сәйкес, жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыстар мен жазатайым оқиғалардың көпшілігі түнгі уақытта болады.

Айта кетерлігі, іс-шараны өткізу кезеңінде ауданның 9 тұрғыны ҚР ӘҚБК 442-бабы және тағы 1-ҚР ӘҚБК 127-бабы бойынша өздерінің кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.