$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.06.2021, 15:58
Жаңалықтар

Алматыда спорттық құзға өрмелеушілер олимпиада күнін атап өтті

Қазақстандықтар Халықаралық олимпиада күнін тойлауды жалғастырып жатыр

Алматыда спорттық құзға өрмелеушілер олимпиада күнін атап өтті

Қазақстандықтар Халықаралық олимпиада күнін тойлауды одан әрі жалғастыруда. Жеңіл атлетика жарыстары мен еліміздің солтүстігінде өткен велододадан соң эстафетаны оңтүстік өңір қабыл алды. «Бәріміз бірге: жылдам, биікке, мықты» ұраны арқылы спортшылар бүкіл елмен ынтымақтастықта екенін білдіруде, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Алматыда Олимпиада бағдарламасындағы ең жас спорт түрлерінің бірі – спорттық құзға өрмелеуден турнир өтті. 

Токио Олимпиадасында спорттық құзға өрмелеушілер алғаш рет бақ сынайды. Олардың қатарында қазақстандық Ришат Хайбуллин де бар. Алматы тумасы 2019 жылғы әлем біріншілігінде жүлде мен жолдама жеңіп алған болатын. 

«Біз спорттық құзға өрмелеу спортының Олимпиада бағдарламасына енгеніне қуаныштымыз. Оның үстіне, аталған спорт түрінен Қазақстан да сынға түседі. Салыстырмалы түрде қарасақ, спорттық құзға өрмелеу өте жас спорт түрі саналады. Соған қарамастан, оны дамытуға мүмкіндігіміз бар. Біз спортшылардың ой-тілегімен біргеміз және жаңа спорт түрлері туралы мейілінше көп адам білгенін қалаймыз. Сондықтан, Олимпиада күніне арналған марафонға спорттық құзға өрмелеушілер де қатысуда. Ұлттық Олимпиадалық комитет бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға мүдделі. Сол себепті, біздің іс-шараларымызда жас атлеттер бірінші орынға шығады. Олимпиадалық қозғалысты дамыту арқылы біз дені сау ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосамыз», - дейді Алматыдағы жарысты тамашалаған Елсияр Қанағатов. 

«Қазақстанда спорттың бұл түрін дамытуға үлкен мүмкіндіктер берілген. Сондықтан, бізге Ришат салған даңғылды одан әрі жалғастырып, биікке ұмтыла беру керек», - дейді спорттық құзға өрмелеуден ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Нигматулин. 

Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатының жүлдегерлері «боулдеринг» пен «қиындық» бойынша сынға түсті. Екі балалар тобы «жылдамдық» бойынша жарысқанын да айта кету керек. 

«Бұл өте қызықты спорт түрі. Түрлі эмоция сыйлайды. Әрине, бапкердің жетекшілігімен, қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы шұғылдану керек. Сондықтан, спорт мектептері мен үйірмелеріне келіп үйреніңіздер, жарысып көріңіздер. Бұл өте керемет сезім», - деді  «жылдамдық» бойынша 2021 жылғы ҚР чемпионатының жүлдегері Матвей Есипов.

Олимпиада күнін тойлау 21 маусым күні Ақтауда жалғасады. Аталған қалада бокс пен дзюдодан шеберлік сабақтары өтеді. Олимпиада күніне арналған ел аймақтары арасындағы эстафета 23 маусым күні елордадағы Триатлон саябағында аяқталады. Бұл күні көше спорт түрлерінен мерекелік шара өтеді. Бұл іс-шараны «Qazsport» арнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар. 

Серіктес жаңалықтары