Hilton қонақүй желісінің иесі Бэррон Хилтон өмірден озды

Hilton қонақүй желісінің иесі Бэррон Хилтон 92 жасына қараған шағында өмірден озды. Ол көзі тірісінде өзі дүние салғаннан кейін байлығының 97 пайызы қайырымдылыққа беріледі деп уәде еткен 

Hilton қонақүй желісінің иесі Бэррон Хилтон өмірден озды
Фото: ZUMAPRESS.com/Scanpix

Hilton қонақүй желісінің қожайыны Бэррон Хилтон Лос-Анджелестегі өз үйінде қайтыс болды.  Forbes.ru хабарлағандай, суыт хабарды Conrad N. Hilton Foundation қоры жеткізген, - деп хабайлайды Azattyq Rýhy тілшісі Forbes ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«Менің әкем анамыз Мэрилинді сүйіспеншілікке бөлеген отағасы, сегіз баланың қамқор әкесі, адал және жомарт дос, көреген кәсіпкер, сыйлы көшбасшы, және белсенді спортшы бола білді. Оның өмірі шытырман оқиғалар мен жарқын жетістіктерге толы болды», - делінген бақилық  болған кәсіпкердің ұлы, қайырымдылық қорының басқарушысы Стивен М. Хилтон жазған хабарламда.

Бэррон Хилтонның немересі Пэрис Хилтон өзінің Твиттердегі парақшасында атасының қазасына қатты қайғырғанын және бизнес жүргізу мәселелерінде атасынан үнемі үлгі алатынын жазды.

Бэррон Хилтон 1966 жылы әкесі Конрадтың орнын басып, Hilton Hotels Corporation компаниясының президенті және бас директоры болып тағайындалды. 30 жылдан астам жұмыс істеген уақытында ол инвесторлардың акциялары құнынан түсетін жылдық пайда көрсеткішін 15 пайызға жеткізе білді.

2007 жылы Хилтон өзі қайтыс болғаннан кейін оның байлығының 97 пайызы қайырымдылыққа жұмсалатынын мәлімдеді. Conrad N. Foundation бұл - ақша қор бюджетінің қаражатын 2,9 миллиард доллардан 6,3 миллиард долларға дейін ұлғайтатынына сенімді. Марқұм аталған қор меценаттарының тізімінде ең бірінші сатыдан орын алады.

Forbes мәліметі бойынша 2011 жылы ең бай адамдар тізімінде Бэрри Хилтон 459-орында тұрған. Ол кезде оның дәулеті 2,5 млрд. долларға тең болған еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.