Елімізде соңғы 10 жылда сәбилер өлімі 2,6 есеге төмендеген

Автор: Azattyq Rýhy

Елімізде жыл сайын 400 мың бала өмірге келеді

Еліміз еркіндікке қол жеткізген 1990 жылдардың басында қай саланың болмасын, бағыты бұлыңғыр, келешегі күмәнді еді. Олардың қатарында медицина саласы да бар. Ескі құрал-жабдық пен білікті маманның жетіспеуі қолбайлау болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Алайда, араға жылдар салып, еңсесін тіктеген денсаулық саласы бүгінде айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Мәселен, 20 жыл бұрын елімізде емі табылмаған балалардың туа бітті жүрек ақауына қазір өз елімізде операция жасалып, сәбилер құлан таза айығып кетуде.

Мәліметтерге жүгінсек, соңғы 10 жылда елімізде сәбилер өлімі 2,6 есе төмендеген. «Бұл өте үлкен жетістік», дейді мамандар. Дегенмен, дамыған елдермен салыстырғанда бұл көрсеткіш әлі де жоғары. «Сондықтан дертке шалдыққан сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін денсаулық сақтау саласын дамытуға күш салу керек», - дейді дәрігерлер. Елімізде жыл сайын 400 мың бала өмірге келеді. Туа бітті жүрек ақауы қазіргі кезде шақалақтарда көп кездесетін дерттердің қатарында.

«Тәуелсіздік жылдары педиатрия саласы өте жақсы қаржыландырылды. 20 жыл бұрын бізде емделмейтін балалар аурулары қазір отандық дәрігерлердің біліктілігінің арқасында сәтті емделіп, балар құлан таза айығып кетіп жатыр. Мәселен, туа бітті жүрек ақауы бар сәбилерге бұрын операция жасалмайтын. Оларды шетелге жіберетінбіз. Қазір бұл операциялар аймақтарда да жасалады», - деді  Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы АҚ басқарма төрайымы Риза Боранбаева.

Елімізде мерзімінен ерте туған сәбилерді емдеуге арналған кешенді бағдарлама бар. 500 грамнан асып өмірге келген шараналар жан-жақты медициналық көмектің арқасында адам қатарына қосылуда. Сондай-ақ балалардың жілік майын ауыстыру күрделі операциясының елімізде жасалауы – отандық медицинаның іргелі жетістіктерінің бірі деп айтуға болады.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Онкология және радиология ғылыми зерттеу орталығында мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында заманауи құрылғымен жабдықталған орталық ашылды. Бұл құрылғы әйелдердің сүт безі обырын өте ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, Қазақстанда қатерлі ісік дертімен күресуге арналған кешенді жоспар жасалған. Ол бойынша республикалық орталықтардан бөлек, аймақтардағы онкологиялық бөлімшелерді соңғы технологиямен қамтуға қосымша 35 миллиард теңге бөлінген.

 «Егер бұрын дертті ерте анықтау тек 14% болса, бүгінде бірінші кезеңді анықтау 26%-ке жетті. Онкологиялық қызметке бөлінетін қаражат 4 есеге көбейді. Бұрын біз тек 4 химиялық препараттарды қолдансақ, қазір 100-ге жуық химиялық, 25 таргетті препарат, 3 иммунды терапия жүргіземіз. Осының бәрі біздің халқымыз үшін тегін», - деді ҚазОРҒЗИ басқарма басшысы Диляра Қайдарова

 «Күніне 30-40 әйелге дейін диагностика жасауға мүмкіншілік бар. Маммографпен салыстырсақ, бұл томосинтез аппараты сәулелік әсері өте төмен, екі есе төмен. Және мұның тағы бір айырмашылығы – егер де сүт безі обырының скринингі ұлттық программа 40 жастан басталса, әйелдерге бұл аппаратта 40 жасқа дейінгі әйелдерді түсіруге болады», - дейді  кәсіпкер Ержан Сүлейменов

«Қатерлі дерттен емдеу шаралары Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде ақылы», - деп атап өтті бас онколог-дәрігер Диляра Қайдарова.