Мемлекетке 200 млн теңгеге жуық залал келтірген «Ертіс» футбол клубының директоры сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

«Ертіс» командасы қаржылық қиындыққа байланысты былтырғы маусымды орта жолдан аяқтады

Фото : kazfootball.kz

Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Ертіс» футбол клубы» қоғамдық қорына қатысты бюджетке салықтарды төлеуден жалтару дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында 2019 жылы «Ертіс» футбол клубының директоры салық органдарына бұрмаланған деректері бар мағлұмдаманы ұсынғаны анықталды. Сол арқылы мемлекетке 193 млн астам теңгеге төленбеген салықтар түрінде залал келтірді. 

Клуб директоры 3 жыл бойы қаржы және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды иелену құқығынан айырыла отырып, 1 жылға сотталды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 236-бабына сәйкес бюджетке салықтарды және өзге де төлемдерді өтеуден жалтару үшін 1 жылдан 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Естеріңізде болса, футболдан Қазақстанның бес дүркін чемпионы (1993, 1997, 1999, 2002, 2003) және Кубок иегері (1997/98) павлодарлық «Ертіс» командасы қаржылық қиындыққа байланысты былтырғы маусымды орта жолдан аяқтауға мәжбүр болды.