ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

«Тарихқа түкіргені бар»: Баянауылда ұлттық парктегі қорымның тас-талқаны шықты

Тарихи ескерткішті сақтап қалу үшін мамандар бірнеше жылдан бері жергілікті биліктен қорым аумағын қоршауды сұрап келеді

Павлодар облысының полицейлері қола дәуірінің археологиялық ескерткішін бүлдірген бұзақыларды іздеп жатыр деп хабарлады КТК телеарнасы. Көне заманның көзіне баланған тастарға қаншалықты зақым келгенін енді ғалымдар анықтауы тиіс.

Белгісіз біреулер Баянауыл ұлттық паркінің аумағында осындай адамдыққа жатпайтын әрекетке барған. Көне қорымның тас-талқанын шығарған. Бұл қыраттағы ескерткіштер біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдыққа жатады.

Қазба жұмысы кезінде археологтар Андронов мәдениетіне жататын әшекей бұйымдар мен ыдыс аяқтарды тапқан еді. Тарихи ескерткішті сақтап қалу үшін мамандар бірнеше жылдан бері жергілікті биліктен қорым аумағын қоршауды сұрап келеді. Әзірге оған құлақ асқан атқамінерлер жоқ.

«Аталған дерек Баянауыл ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Ауданның жедел тергеу тобы жергілікті атқарушы орған өкілдерімен бірге оқиға орнына барды. Мәселенің мән-жайы алдағы уақытта анықталады», - деді Павлодар облысы ПД баспасөз хатшысы Жанна Белялова.