$ 502.83  545.37  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.06.2021, 00:16
Жаңалықтар

ШҚО-да жергілікті кәсіпкерлер екіге бөлініп, бірін-бірі айыптап жатыр

Облыс әкімі өз атына да айтылған айыптауларға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ

 

ШҚО-да жергілікті кәсіпкерлер екіге бөлініп, бірін-бірі айыптап жатыр

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлер екіге жарылып, бірін-бірі айыптап жатыр. Құрылыс, жолаушылар тасымалы, өндіріспен айналысатын бір топ бизнесмен биыл 1 маусымда арнайы жиын өткізіп, облыс әкімін айыптаған болатын. Олар Даниял Ахметовті бизнеске кедергі келтіріп отырғанын айтып, қызметтен кетуін талап еткен еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Өңір басшысының жұмысына көңілі толмайтындар республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін қаражатты игеруге қатыса алмай отырғанын айтқан. Мәселен, медициналық қондырғылар сатып алу бойынша «Медтехника» ЖШС, Семейдегі жылу электр станциясын салып жатқан Олжас Есенғарин, жолаушылар тасымалымен айналысатын «Semey Bus» компаниясының өкілдері, ауылшаруашылық саласы бойынша субсидия ала алмаған бірнеше кәсіпкер, «Топаз» ЖШС басшысы Болат Багадаев және «ДСУ-14» кәсіпорнын басқаратын Александр Федосов және өзге де кәсіпкерлердің әкімге өкпесі қара қазандай.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге өткен жиында осы бизнесмендер аймақтағы өзге әріптестерінің «адал ойын» жүргізбей отырғанын тілге тиек еткен. Өскемен мен Семей қалаларында құрылыс пен жол саласында бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпорындар тендерлік байқаулардың 75 пайызына дейін ұтып алады екен. Мұның артында жемқорлық пен сыбайластық тұруы мүмкін дейді олар.

Ал бұл айыптауларға байланысты облыс әкімі үн қатқан жоқ. Бірақ бүгін Алматыға арнайы келген бір топ кәсіпкер облыс әкімі Даниял Ахметовті және өз мүдделерін қорғамақ болып, журналистермен кездесу өткізді.

Қазақстан баспасөз клубында өткен брифингте кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысында соңғы 20-30 жыл аралығында өндіріс және тұрғын үй салу, облыстық маңызы бар күре жолдарды жөндеу және оны салумен айналысатынын айтады. Олардың пікірінше, әкімді қаралаған кәсіпкерлер тобы әкімдіктің және өзге кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп, тұтас өңірдің тіршілігін іс жүзінде тоқтатып отыр деп есептейді.

Журналистермен кездескен бизнесмендер әкімнің отставкасын талап еткен топтың әрекетін арандату деп есептейді. Өйткені айыптаулар расталмаған әрі тек күдікке негізделген екен.

«Аймақта жеке пайда табуды көздеп, бюджет ресурстары үшін күрес жүреді. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ ол республикалық масштабта дауға айналатын және аймақтың беделін түсіретіндей деңгейге көтерілмеуі керек. Сондықтан біз жақында облыс басшысы мен өзге кәсіпкерлерді жөнсіз айыптап, ақпараттық шабуыл бастаған тарапты сабырға шақыру үшін жиналып отырмыз.

Осы қақтығыстың бастамашылары жағдайды өздері ушықтырды. Мысалы, дауға «Semey Bus» ЖШС айналасында қалыптасқан жағдай түрткі болды. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорынның тиімсіз менеджменті рекордтық қысқа мерзімде компанияны күйреуге алып келді. Оның қарызы бүгінгі таңда 2 миллиард теңгеден асады. Кәсіпорын басшылығы өз мәселелерін мемлекет есебінен әлеуметтік маңызды бағыттарға субсидияларды көп мөлшерде талап ету арқылы шешуге шешім қабылдады. Онымен қоймай, бұл топ мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы бұзды, жеке мүдделерді қолдауға және сыбайлас жемқорлық жағдайларының туындауына түрткі болды деп біз сияқты үшінші тарапты да кінәлап отыр. Мұндай дәлелсіз айыптаулар аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға да кері әсер етеді»,- дейді Сәуле Досқожанова.

«ОблШығысЖол» ЖШС директоры Лұқбек Тұмашинов та Даниял Ахметовты қаралаған топтың өзінде шикілік бар деп есептейді. Айналдырған 5-6 кәсіпкер бүкіл өңірдің жұмысына кедергі келтіріп отыр дейді ол.

«Біз інім екеуміз 10 жыл бұрын ауылдан келіп, кәсіп ашып, облыс орталығында жұмыс бастадық. Кәсіп жасауға ешқандай кедергі болған жоқ. Құрылыс, жол саласында қазір 3 мың адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Салық төлейміз. Бірақ өңірде бәрі жаман деп, қалыптасқан жұмысты жоққа шығарғымыз келмейді. Адал кәсіппен айналысқандарға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан біз Президентке дейін хат жазып, шын кәсіппен айналысып отырған өзге кәсіпкерлерді қорқытып-үркітуді тоқтатуды сұраймыз.

Мен «Semey bus» деп аталатын компания туралы өз пікірімді айтқым келіп отыр. Бастапқыда осы кәсіпорынды қолға алып, жұмысын жүргізуді бізге де ұсынды. Бірақ бас тарттық. Оның шығыны мен табысын есептеп көрдік, тәуекелдерді ескердік. Бірақ жолаушылар тасымалымен нағыз мамандар айналысуы керек. Ол өте күрделі сала. Ал, осы құрлымды қолға алып, енді жүргізе алмаған соң, миллиардтаған дотация сұрап, ақырында 2 млрд теңгені жоқ қылған біздің әріптестеріміз әкімдікті айыптауға көшті. ШҚО жолаушыларымен айналысатын 5 ірі кәсіпорын бар. Олардың әрқайсына бюджеттен 3 млрд теңге берілсе, оның несі кәсіп? Бәрін әдейі тығырыққа тіреп қойып, БАҚ арқылы немесе басқа да жолмен қысым көрсету дұрыс емес деп ойлаймыз. Онымен қоймай, аймақтағы өз ісіне адал кәсіп иелеріне күйе жағып, бәсекелестік жүйесін бұзып отыр. Біз Алматыға осыны айту үшін келдік. Аймақта бұрын-соңды мұндай болмаған. Бізде ауызбіршілік болушы еді», - дейді Лұқбек Тұмашинов.

Алматыға ат терлетіп келген кәсіпкерлердің арасында Дмитрий Сомов та бар. Ол қарсы тараптың бизнесмендерінің үстінен сотқа арыз түсірген. Соның нәтижесінде Өскемен полициясы ҚР ҚК 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

«Биыл 1 маусымда Шығыс Қазақстан облысының кейбір кәсіпкерлері біз сияқты тұрақты жұмыс істеп отырған бизнес құрылымдарға қарсы шабуыл бастады. Ақпараттық шабуыл десе де болады. Оның барлығын негізсіз екенін біз сотта дәлелдейтін боламыз. Мысалы, Александр Федосов деген азамат «ДСУ-14» мекемесін басқарып отыр. Ал, Болат Багадаев деген адам «Топаз» деген серіктестіктің иесі. Осы екі адам нақты маған қатысты шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратты. Мен құрған кәсіпорын аймақта 20 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір біздің қоластымызда мыңнан астам адам жұмыс істейді. Геологиялық-барлау жұмыстарын жасаймыз, жол саламыз, құрылыс саласында тұрақты қызмет етіп келеміз. Қазір уақыт өзгерді. Енді осынша уақытта қалыптасқан кәсіпорынды айыптап, сырттай күйе жағып отырған жоғарыдағы кәсіпкерлердікі әділетсіз.

Тартыс пен жөнсіз айтыс болған жерде даму болмайды. Ең бірінші аймақ халқы зардап шегеді. Техникалық базасы қалыптасқан, білікті мамандарды жинаған, тәжірибесі бар өңірлік компаниялардың орнын басқысы келетін белгілі бір топтар қысым көрсете бастады. Егер біз негізгі конкурстарды ұтып алсақ, ол біздің осы саладағы тәжірибеміздің көрсеткіші. Нарыққа енді келген компанияларға қарағанда біздің басымдылығымыз бар. Сондықтан бізді жөнсіз айыптап жатқан жоғарыдағы азаматтарды құқықтық жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Біз қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз»,- дейді Дмитрий Сомов.

«Ар-бедел» қорының өкілі Елена Нестерова Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлердің дауында ақпараттық технологияны пайдалану арқылы қоқан-лоқы жасау әдісінің байқалатынын айтады.

«Ақпараттық кеңістіктегі қоқан-лоққы жасау әдісін кибербуллинг деп атайды. Мысалы, 1 маусымда Өскемен қаласында өткен кәсіпкерлер жиынында айтылған айыптауларды алып, арнайы құқықтық зерттеу жүргіздік. Өкінішке қарай, олардың негізгі бөлігі нақты дәлелдерге сүйенбай жасалыпты. Бұл біреудің ар-беделіне нұқсан келтіру, әсіресе іскерлік беделіне күйе жағу болып табылады. Мұны кибербуллингке жатқызуға болады» ,- дейді «Ар-бедел» қорының өкілі.

Azattyq Ruhy редакциясы алдағы уақытта ШҚО әкімі Даниял Ахметовті айыптаған бизнесмендердің де пікірін тыңдап, оқырман назарына ұсынатын болады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары