$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.06.2021, 17:53
Жаңалықтар

Білім министрі биыл шәкіртақының қанша пайызға өсетінін айтты

Жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар саны да биыл жылдағыдан 5 мыңға артпақ

Білім министрі биыл шәкіртақының қанша пайызға өсетінін айтты
Фото: ашық дереккөзден

Биыл жаңа форматта өткізіліп жатқан ҰБТ-ны мектеп түлектерінің 96 пайызы тапсырып үлгерді. Мұндай деректерді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ-да өткен брифингте мәлімдеді. 

«Биылғы мектеп түлектерінің 96 пайызы ҰБТ-ны тапсырып үлгерді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы жылы жас түлектер ҰБТ тапсыру орны мен уақытын өздері таңдады. Сондықтан да бұл үлкен өзгеріс. ҰБТ-ны электронды форматта тапсыру әділдікті, ашықтықты қамтамасыз ететініне көзіміз жетті. Сондай-ақ, ең бастысы балалардың психологиялық түрде күйзеліске ұшырамауы үшін оларға ҰБТ-ны 2 рет тапсыруға мүмкіндік бердік», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ белгілі болғандай, жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар саны биыл жылдағыдан 5 мыңға артпақ.  

«2025 жылға дейін гранттар саны 75 мыңға жететін болады. Яғни тегін білім алу жүйесі жыл сайын кезең-кезеңімен өзгеріп отырады. Бұл бағытта осы жылға тиісті қаражат бөлінді. Қыркүйек айында грант саны 5 мыңға көбеймек. Жыл сайын бізде бакалаврға бөлінетін гранттар саны 51 мың болса, биыл оларлдың саны 56 мыңға жетпек», - деді министр. 

БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беру барысында ведомство басшысы студенттердің биылғы шәкіртақысы қанша пайызға өсетіндігін хабарлады. 

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шәкіртақы құны да өседі. Биыл қыркүйек айынан бастап бакалавриаттың шәкіртақысы 31 мың теңгенің үстінде болса, магистранттардың шәкіртақысы 15 пайызға артып, 76 мың теңгеге дейін жетеді. Докторантурада да стипендия дәл осындай пайызға өсіп, 172 мың теңгені құрамақ. Осы ретте айтып өтетін жайт соңғы бір жарым жылдың ішінде докторанттардың стипендиясы 80 пайызға өсті», - деді Аймағамбетов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары