Тоқаев АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды
Президент Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысады. Сапар 5 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Президент Нью-Йоркте өтетін Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 74-сессиясына қатысады. Сапар 5 күнге жалғасады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы «Хабар24» хабарлайды.
Сондай ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришпен, бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен, халықаралық ұйым жетекшілерімен, америкалық бизнес, трансұлттық компания өкілдерімен, АҚШ-тың саяси әрі сарапшы топ мүшелерімен кездесуі жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қ.Тоқаевтың АҚШ-қа сапары қарсаңында америкалық беделді басылым «The Hill» газетінде мақаласы жарық көрді.
«Біз Америка Құрама Штаттарымен тығыз әріптестік байланыс орнаттық және сыртқы саясаттағы көптеген маңызды мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Болашақта да солай болады. Қазақстан соңғы үш онжылдықтың бедерінде сәтті жүзеге асырып келе жатқан тәуелсіз, көпжақты және сындарлы сыртқы саясатын менің басшылығыммен де жалғастыра береді», - дейді Президент мақаласында.
Бұған дейін Қазақстан Президентінің БҰҰ БА-ның жоғары деңгейдегі жиынына қатысуы еліміздің бірқатар сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге бағытталғаны айтылды. Атап айтқанда, қарусыздандыру және оны таратпау, бітімгершілік, терроризмге қарсы әрекет ету ұстанымдары талқыланады. Сонымен бірге, кең ауқымды халықаралық аудиторияның назарына орнықты даму, азық-түлік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесімен жаппай қамту, қоршаған ортаның азып-тозуы сынды жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты Қазақстанның көзқарасы ұсынылады.