«Отбасы банкі» алаяқтардың салымшыларды қалай алдайтыны туралы ескертті
Банк өз салымшыларына қандай нөмірлерден хабарласатын айтты

«Отбасы банкі» өз салымшыларына алаяқтардан сақтану қажет екені туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Банктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланған мәліметке сүйенсек, кейбір банк салымшыларына таныс емес телефон нөмірлерден хабарласып отырады. Олар өздерін «Отбасы банкінің» қызметкері ретінде таныстырып, шот нөмірін айтуды, СМС арқылы келген операциялар бойынша кодтарды айтуды сұрайды.
«Сондай-ақ қаражат аударымдары туралы сұрақтар қойып, байланысқа шықпаса шоттың бұғатталатыны туралы хабарлама жолдаған», - делінген банк хабарламасында.
Осы деректерге байланысты «Отбасы банкі» қызметкерлері клиенттерге жеке шот деректемелері немесе шот нөмірлерін анықтау мақсатында телефон шалмайтынын хабарлайды.
«Клиенттердің шоттарына қатысты барлық деректер банктің ақпараттық жүйесінде бар», - делінген хабарламада.
Банк өз салымшыларына тек мына нөмірлерден ғана хабарласуы мүмкін екенін ескертті: 87059251300, 87059251301, 87059251302, 87059251303, 87059251304 (WhatsApp бот - Қуаныштың нөмірі - 8705-925-13-01).
Банк өкілдері сондай-ақ, ұялы телефонға белгісіз бағдарламаларды жүктемеуге кеңес береді. Себебі кейбір бағдарламалар, алаяқтарға банктердің мобильді қосымшаларындағы шоттарды қашықтан басқаруға және олардан ақша алуға мүмкіндік беретінін ескертті.