ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

«Меga Silk Way» сауда орталығында вакцинацияланғандарға сыйлықтар таратылады

Сыйлықтар мен сертификаттар вакцинаның қандай компоненті алынғанына қарамастан беріледі

Түрлі сыйлықтар сертификаты мен мейрамханаларға жеңілдіктер «Меga Silk Way» СОО-дағы вакцинация пунктерінде таратылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сауда орталығында жаппай вакцинация 12 сәуірде басталды. Вакцинаның компоненттерін бірінші қабаттағы «Mega Аrenа» мұз айдынынан алуға болады. Егу пункті 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

«Біз мұз айдынына сертификаттар береміз. Мұнда конькимен бір сағат жүруге болады. Сертификаттың нақты уақыты жоқ. Қалаған уақытыңызда кіре аласыз. Сондай-ақ, СОО-да бутиктерді жалға алушылардың жеңілдік сертификатын береміз. Оларың арасында Marrone Rosso, Tchibo кофеханалары, Sadu мейрамханасы бар. Олардың сертификаттары сол күнге жарамды. Осылайша біз халықты ынталандыруға тырысамыз. Жұрттың вакцина алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруына үлес қосамыз», - деді әкімшілік-шаруашылық бөлімі жетекшісінің орынбасары Абзал Ахметов.


Сыйлықтар мен сертификаттар вакцинаның қандай компоненті алынғанына қарамастан беріледі.

«Вакцинация алдын ала жазылусыз, кезек тәртібімен жүргізіледі. Бізде талон беретін терминал бар. Вакцинацияны санитарлық талаптарға сәйкес аумақтық емханалардың көшпелі егу бригадалары жүзеге асырады. Вакцинаны алу үшін жеке куәлік қана қажет», — деді Абзал Ахметов.

Сыйлық сертификатын алушылардың бірі акциядан алған әсерімен бөлісті.

«Вакцинаның алғашқы дозасын алдым. Өзімді жақсы сезінемін. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға үлес қосу – әрбір қазақстандықтың парызы деп ойлаймын. Сонымен, біз өзімізді және жақындарымызды қауіпті індеттен қорғай аламыз. Осындай сыйлық сертификаттарының берілгеніне қуанып отырмын. Әр адам мұндай сыйлық алғаны үшін қуанады деп ойлаймын. Мұндай акциялар көп болсын», - дейді Ринат Медетбек.

Естеріңізге сала кетейік, елордада КВИ-ға қарсы вакцинациялаудың 100-ден астам пункті ашылған: БМСК мекемелерінде, сондай-ақ ірі СОО мен сауда үйлерінде. Олардың қатарында «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк», «Сарыарқа» СОО-лары және «Әлем», «Еуразия» сауда үйлері бар. Вакцинация пунктері демалыссыз сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді.