«Головкин ақылын айтты». Бокстан уақытша шеттетілген Жүкембаев жеңілісі жайында айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Жүкембаевқа 2021 жылдың 13 шілдесіне дейін рингке шығуға тыйым салынды

фото: instagram

30 мамырда жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-1-0, 14 KO) АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Ол Калифорнияның Карсон қаласында өткен бокс кешіне қатысып, онда Пуэрто-Риконың өкілі Сабриэль Матиаспен (17-1-0, 17 KO) жұдырықтасты. 12 раундқа есептелген кездесу сегізінші раундта аяқталды. Батырдың бапкерлері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Жекпе-жектен кейін Калифорния штатының атлетикалық комиссиясы екі боксшыны да жекпе-жектен уақытша шеттетті: Жүкембаевқа рингке шығуға 2021 жылдың 13 шілдесіне дейін, ал Матиасқа - 5 маусымға дейін тыйым салынды.

АҚШ-тағы тырнақалды кездесуі сәтсіз басталған Батыр Жүкембаев кәсіпқой бокстан орта салмақта IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі Геннадий Головкинмен кездесіп, ақылын тыңдады.

«Әлемнің қай түкпірінде жүрсек те GGG-ды мақтан тұтамыз. Қазақ кәсіпқой бокшыларына чемпиондық шыңға жол салған Гена ағамызбен жақсы жүздесу өткіздік. Соңғы жекпе-жегіме бағасын беріп, ақылын айтты. Көп рахмет! Алла бұйыртса, бұл тек үлкен жолдың басы», - деп жазды ол.