Атырау облысында бір ауыл мен стансаны құм басып қалуы мүмкін
Жергілікті билік ғалымдардың кеңесімен жаппай сексеуіл егуді қолға алды
Атырау облысы, Исатай ауданына қарасты «Зинеден» ауылы мен «Исатай» теміржол стансасын құм басу қаупі төнді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy "Хабар24"-ке сілтеме жасап.
Біраз жылдан бері ылғал азайып, іргедегі «Нарын» құмы көше бастады. Жергілікті билік ғалымдардың кеңесімен жаппай сексеуіл егуді қолға алды. Бастама жаман емес. Осыдан төрт-бес жыл отырғызылған өскіндер бой алып, құм көшкініне кәдімгідей қамсау бола бастаған. Қазір екі ауылды қоршай 16 гектар жерге 3 мың түп сексеуіл отырғызылып жатыр. Бірақ жаппай көшкен құмды тоқтату үшін пәрменді іс, ауқымды амал қажет.
Бұл ауылдың тұрғындары қысы-жазы есік-терезелерін аша алмайды. Себебі жылдың 7-8 айында ұдайы соғатын құм дауылы олар үшін үйреншікті жағдай болатын. Дегенмен соңғы жылдары қыс қарсыз, жаз жаңбырсыз болып, құм көшкінін күшейтіп жіберген.
"Топырақ деген борап, жаман болады, жуған киімдерді жая алмаймыз. Балалар да ойнай алмайды", - дейді Зинеден ауылының тұрғыны Ғалия Оразова.
Шекаралық аймақтағы теміржол стансасын құмнан қорғау мақсатында түрлі жобалар қолға алынды. Алдымен құмға қамыстан тоқып тосқауыл қойылды. Тіпті, қызыл құмға қара май шашып, қатырып та көрді. Бірақ нәтиже шықпады. Ендігі амал: құм төскейінде көгеріштерді көбейту.
"Қазіргі тұрған жеріміз - ауылдың шығыс жақ беті, жалаңаш. Мына жағына егілген. Ана бойларға, мына шағылдардың үстіне егу керек деп ойлаймын. 10-15 жылдан бері құрғақшылық. Жаңбыр аз, қар түспейді.Оның да әсері бар", - дейді Исатай стансасының тұрғыны Салауат Меңдіғазиев.
Каспий теңізінің шегіне бастағанына биыл 10 жылдан асты. Бүгінде құрғап қалған теңіз табанынан көтерілген топырақ күні-түні көз аштырмас құмды дауылға айналған.
"Өздеріңізге мәлім, бір жағы «Нарын» құмы келіп тұр. Екінші жағынан, қазір теңіздің жағасындағы елді мекен теңіздің әрі қарай алшақтап кетуіне байланысты одан да топырақтар келуде. Сондықтан каналдарды, сосын ауылдарды топырақ басып қалмауы үшін сексеуіл егуге сұраныс берген болатынбыз. Соның аясында осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деді ауыл әкімі Аслан Ғұбаш.
Сексеуіл-құмды шағылға бейім өсімдік. Оған алғашқы 6 айда тірлік нәрін жеткілікті берсе, әрі қарай бой алып кетеді.Бір қиыны, ол Атырау топырағында өспейді. Аудан тапсырысын ұтып алған мердігерлер оны Ақтөбе облысынан арнайы алдырып отырғызуда. Егер мұнайлы өңірдегі Құрманғазы ауданына қарасты Үштаған ауылы мен Қызылқоға, Исатай аудандарындағы құм көшкініне қатысты проблемаларды ескерсек, сексеуілді жергілікті жерде көбейтуді қолға алу керек секілді.