Елімізде жыл басынан бері 8,9 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпорын басшыларына 59,1 млн теңгеден астам айыппұл салынды

 

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 8,9 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 498 кәсіпорнында 10,6 мың жұмыскердің алдында 1 млрд 936 млн теңгеден астам сомаға жалақы бойынша берешекті анықтады.

«Осы кәсіпорындардың басшыларына орындалуы міндетті 517 нұсқама беріліп, 59,1 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Қабылданған шаралар, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеу нәтижесінде 8,9 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1 млрд 728 млн теңге төленді.