$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.05.2021, 15:13
Жаңалықтар

Сенатта ашаршылық туралы құжаттардың жинағы таныстырылды

Үш томдық жинаққа зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттар енген

Сенатта ашаршылық туралы құжаттардың жинағы таныстырылды

ҚР Парламенті Сенатында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбекті көпшілікке таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үш томдық жинаққа зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен құжаттар енген. Олардың біразы бұған дейін еш жерде жарияланбаған және Қазақстан ғылымында бұрын-соңды айтылмаған. Ал, кітаптағы кейбір анықтама, бұйрық, қарар сияқты құжаттар көпке дейін аса құпия мәлімет ретінде сақталып келген. Сондықтан ашаршылық жылдарының аса маңызды хронологиясын дайындап шыққан ғалымдар мен тарихшыларымыздың еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

«Тәуелсіздігімізді ұлықтау сәтінде тойға емес, ойға басымдық беру, өткенімізден өнеге алу – біздер үшін зор міндет. Мемлекет басшысы 30 жылдықты атап өтуге арналған алғашқы отырыста осы мәселеге баса мән берді. Президентіміз айтқандай, егемендіктің бүгінгі белесі елдің жаңа келбеті мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қызмет етуі керек. Бұл ретте, тарихи сананы жаңғыртатын және бостандықтың қадір-қасиетін арттыратын іс-шаралар аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті.

«Тәуелсіздік алған соң ғана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен тарихымыздың соқтықпалы, соқпақты жолдарына ерекше көңіл бөлінді. Осы бағыттағы мәселелер мемлекеттік деңгейде көтеріліп, тиісті зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде ашаршылық бір әулеттің немесе ауылдың ғана емес, сол кездегі тұтас халықтың басына түскен үлкен қасірет екені ашық айтылды. Дегенмен, әлі де болса ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Палата Спикері кітапты дайындау барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сенат осы тақырыпқа қатысты тарихи құжаттарды жан-жақты зерттеу және талдау жұмыстарын ұйымдастырғанын атап өтті.

«Бұл кітап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалды. Мұндағы құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынған. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар тың мәліметтер мен құжаттар көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Сондықтан осы көптомдықты ашаршылық кезеңінің хронологиясы деп айтуға толық негіз бар», – деді Сенат Спикері.

Жаңа еңбекте ашаршылыққа қатысты 1928-1934 жылдар аралығындағы тарихи құжаттар мен деректер жинақталғанын айта кеткен жөн. Олар аштықтың алғышарттары мен трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды.

Сөз соңында Сенат Төрағасы жаңа еңбек университеттерге, ғылыми институттарға, орталық және өңірлік кітапханаларға жіберілетінін, сол арқылы ашаршылық туралы архив материалдары көпшілік үшін қолжетімді болатынын жеткізді.

Өз кезегінде кітаптың жауапты редакторы, белгілі ғалым, тарихшы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұл еңбектің осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.

«Біз ашаршылықтың себептері мен трагедиялық салдары туралы бұрын жарияланған және осыған дейін еш жерде жарық көрмеген материалдарды салыстыра отырып, талдау жүргіздік. Соның арқасында республикалық, өңірлік және шет елдердегі архивтерде сақталған деректердің ауқымды қорын жасақтадық. Бүгін жарық көріп отырған кітапты ашаршылық тақырыбы бойынша Қазақстанның бірыңғай және жүйелі базасын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам деп қабылдауға болады», – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Серіктес жаңалықтары