Пәтер кілтін жалғызбасты анаға қазақ кәсіпқой боксының жарық жұлдызы Қанат Исламның өзі тапсырды
Бүгін Қанат Ислам бастаған «QAZAQ promotions» промоутерлік ұйымы «Ел-Несібе» Қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры арқылы 8 баласы бар жалғызбасты анаға 2 бөлмелі пәтер сыйлады, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Пәтер Нұр-Сұлтан қаласының оң жағалауында Сарыарқа ауданында орналасқан. Баспана көпбалалы отбасыға ыңғайлы болуы үшін іргесінде орналасқан мектеп және балабақшаның жақындығына орай арнайы таңдалды. Сондай-ақ, пәтердің іші тұрмысқа қажетті барлық техникалармен, төсек-орынмен толық жабдықталған.
Пәтер кілтін жалғызбасты ана Гүлшат Баяділоваға қазақ кәсіпқой боксының жарық жұлдызы, WBO Inter-Continental чемпионы, қазақтың қайсар ұлы Қанат Исламның өзі тапсырды. Көпбалалы отбасы соңғы секундтарға дейін баспаналы болатынын, оның кілтін қазақтың мақтанышы Қанат Ислам тапсыратынын білмеген. Барлығы құпия ретінде сақталып, өмірде көптеген қиындықтарға кездесіп, мойымаған анаға тосын сый жасау үшін «Ел-Несібе» Қайырымдылық қоры» Қоғамдық қорының өкілдері арнайы ұйымдастырған.
Баяділова Гүлшат – жалғызбасты ана, «Күміс алқа» иегері. 8 баланы өмірге әкеліп, ер жеткізген. Баласының алды тұрмыс құрып, жеке отбасы болып отыр. Екінші баласы науқас, қаржының тапшылығынан медициналық көмек уақытылы көрсетілмей, нақты диагнозы анықталмаған. Үшінші баласы колледж студенті, ал қалған 5 баласы мектеп оқушылары. Осы уақытқа дейін жер үйдің аядай бір бөлмесін паналап келген. Пәтерге төлейтін қаражаты болмағандықтан, зәулім коттедждің қыста отын жағып, жазда күлін төгіп, ауланы тазалап, басқа да жұмыстар істегені үшін тегін тұрған. «Клуб добряков» көмек ретінде, холодильник, төсек, диван, газ плита әкеліп берген. Оған дейін жерге жатып жүрген екен.
Баспананың зардабын тартып келген жанұя жағдайы туралы білген «Ел-Несібе» Қайырымдылық қорының» өкілдері жан-жақтан көмек сұрастыра жүріп, қазақтың жомарт пейілді жаужүрек ұлы Қанат Исламға осы жайды жеткізеді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен 5-ші шілдеде Алматыда өткен «Қанат Исламмен бокс кеші» атты шарадан жиналған қаржының бір бөлігіне көп балалы отбасыға баспана алып беруді ұйғарған.